Хабиб Нурмагомедов пен ирландиялық Конор МакГрегор жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында төбелесіп қала жаздады, деп хабарлайды SportX.kz.
Қызу қанды МакГрегордың қылықтарын адам түсініп болмайды. Мүмкін сырт көзге осылай көрінгісі келетін шығар, бірақ бүгінгі бетпе-бет кездесуде ирландиялық спортшы тым артық кетті. Байсалдылық танытқан Хабибтің әкесі мен шешесінен түк қалдырмай балағаттаған МакГрегор, қыза-қыза келе дағыстандықтың жағасына алуға шақ қалды. Егер UFC қожайыны Дэйн Уайт бөгет болмағанда МакГрегор төбелесуден тайынбайтын түр танытты.
Ирландиялық сарбаз өзімен бірге ала келген вискиді жарнамалауды да ұмытқан жоқ. Ол атасынан қалған сусыннан Хабибке де ұрттатпақ болды. Хабиб онда да былқ етпеді. Онысынан түк шықпаған соң бір стаканды Уайтқа ұсынып, екеуі үстел басында 100 граммнан тартып жіберді. Матч алдындағы бетпе-бет кездесу осылайша МакГрегордың сценарийі бойынша қойылған спекткальмен аяқталды. Шоу-деп осыны айт!
Бітіспес қарсыластар арасындағы жекпе-жек 6 қазан күні Лас-Вегаста (Невада) өтетін UFC 229 турнирі аясында өтеді.