Бүгін Санкт-Петерубргте (Ресей) аралас жекпе-жектен үлкен спорт кеші өтеді. M-1 Challenge 92 аясындағы спорттық -шоуға жиналған көрермен ұзын-саны 13 жекпе-жекке куә болады. Соның бірінде M-1 Challenge промоушенінің чемпиондық белбеуі үшін қазақтың батыр ұлы Арман Әшімов пен Александр Доскальчук (Украйна)кездеседі, деп хабарлайды SportX.kz.
ММА көгінде жарқырап жүрген қазақ жігіттерінің бірі- Арман Әшімов. Оның көз ілеспес ауыр соққыларын айтсаңызшы! Октагонда қолды-аяққа тұрмайтын Арман, сәті келгенде қарсыластарын бір соққымен еденге сұлатып салып жүр. Осындай ауыр соққыларымен ерекшеленген сарбаз, бұл күндері көпшіліктің көзаймына айналып үлгерді. Жанкүйерлер оның әрбір жекпе-жегін үнемі асыға күтіп жүреді. M-1 Challenge проумошені аясындағы соңғы үш жекпе-жегін көрген жандар, октагон ішіндегі Арманның керемет қимылдарын, сол бір шешуші эпизодтарды әлі күнге дейін тамсана еске алады.
Арманның бүгінгі қарсыласы Александр Доскальчук жеті кездесу өткізіп, оның тек бірінде ғана жеңіліс тапқан өте әккі және шымыр денелі сарбаз. Жекпе-жек алдындағы таразыға тартылу рәсімінде екі спортшының салмағы да белгіленген нормаға сай болып шықты.
Спорттық кештің орталық бәсекесінде ресейлік алып денелі баһадүрлер аралас жекпе-жектен аты төрткүл дүниеге танылған Сергей Харитонов( 27-6) пен нокаутер деген аты шыққан Антон Вязигин ( 9-2) күш сынасады.