Кәсіпқой бокстан бес салмақ категориясы бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Флойд Мейвезер 31 желтоқсанда аралас жекпе-жек (ММА) ережесі бойынша сынға түспек, деп хабарлайды SportX.kz.
Қылшылдаған қырықтағы әйгілі боксшы, соңғы жылдары түрлі қылықтар шығара бастады. Ең бастысы жеңіліп көрмеген Мэйуэзер, аралас жекпе-жек өнерінің шоқ жұлдыздарына қырғидай шүйіліп жүр. Алдымен UFC-дің беті қайтпайтын мінезді сарбазы Конормен кездесіп, бокс ережесімен өткен бәсекеде жеңіске жетті. Одан соң тәбеті ашылған кіші-Флойд Мэуэзер, ирландиялықты тәубесіне келтірген Хабиб Нурмагомедовпен жұдырықтаспақ болған. Бірақ UFC қожайыны Дэин Уайт екі мықты арасындағы бәсекеге үзілді-кесілді қарсы шықты.
«Мэйуэзердің шынымен Хабибпен төбелесетін ойы болса, онда UFC келіп, күшін осы жерде көрсетсін. Біз онымен бокс ережесі бойынша бәсекеге түспейміз. Бір рет оның қалауы бойынша бокстастық, сол да жетеді. Осымен іс бітті».
Осылай нақты және қысқа қайырған Дэйн Уайт, әйгілі боксшыны мықты болса аралас жекпе-жектен сынға түсіп көрсін деп түйіндепті.
Осы екірада Мэйуэзер өзімен төбелеске шығатын қарсылас тауып үлгеріпті. Оның қарсыласы жапониялық кикбоксшы- Тенсин Нацукава. Аралас жекпе-жек ережесімен өтетін алдағы жекпе-жектің қашан және қай жерде өтетіні де белгілі. 41 жастағы боксшымен бәсекеге түсетін жапонның аты-жөні алысқа жетпесе де өз елінде танымал. Аралас жекпе-жектен төрт кездесу өткізген Нацукава, оның бәрінде жеңіске жеткен.
31-желтоқсанға жоспарланған Токиодағы бәсеке жапониялық Rizin Fighting Federation ұйымы аясында өтеді.