Михаил Карпенко: «Айналып келгенде «Калевті» тәубесіне келтірдік»

«Астана» баскетбол клубының бас жаттықтырушысы Михаил Карпенко, SportX.Kz берген сұхбатында шәкірттерінің жеңісін ерекше атап өтті. Астаналық гулливерлерді Бірыңғай лиганың келесі яғни плей-офф кезеңінде өнер сететін үздік «сегіздіктің» қатарынан көре аламыз ба? Бас бапкер команда мүмкіндігі жайлы ойын ортаға салды.

— Біріншіден біз үшін бұл өте жауапты матч болды. Біз мұны жақсы түсіндік. Егер жеңіліп қалғанда бізгег плей-офф кезеңінен күдер үзуден басқа амал қалмас еді. Сондықтан алдағы ойынға ерекше ықыласпен дайындалдық. Жалпы көптен бері демалыс алмаған хоккейшілеріміз бір апта бойы өз үйлерінде аунап-қунап, жақсылап тынығып та үлгерді. Былайша айтқанда эстондық баскетболшылармен кездесу алдындағы жеті күндік дайындық өз жемісін берді.

Одан басқа «Калев» ойын барысында зоналық қорғанысқа аса мән береді деп топшылаған едік. Соған орай жаттығу кезінде осы жағын ескеріп, шабуыл ұйымдастырудың жолдарын қарастырдық. Осы сәтті пайдалана отырып баскетболшылардың әрқайсысына алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі бәсекедегі жеңіске олардың бәрі өз үлестерін қосты. Бір сөзбен айтқанда жігіттер жарады! Бұдан былай да дайындықты күшейте түсеміз,өйткені қалған кездесулерде бізге тек жеңіс қажет.

— Астана клубының қорғаушысы Малькольм Гранд матчтың ең нәтижелі ойыншысы атанды.

— Ол кездесуді өте жақсы өткізді. Осы тұста Грандтың зоналық қорғаныс тактикасын ұстанған командалармен ойнағанда өзін судағы балықтай сезінетінін айта кетейін. Ол периметрден шабуылдауды керемет меңгерген баскетболшы. Оның үстіне зоналық қорғаныс жағдайында доп ойынға еркін түрде қосылады. Сондықтан мұндай ойын барысы оған өте ыңғайлы. Меніңше Гранд өзінің Астана сапындағы ең үздік ойынын өткізді және командалық жеңіске қомақты үлесін қосты.

— Жалпы Астана үшін «Калев» ыңғайсыз қарсылас саналады. Ендеше бүгінгі жеңістің сыры неде?

Жігіттер ойын алдындағы жоспарды толық орындап шықты. Кездесу барысында доп айырмашылығы жиырмаға ұпайға дейін жетті. Соған қарамастан «Калевтің» барынша қарсыласып баққанын айта кеткеніміз жөн. Дегенмен біз өз дегенімізге жеттік.

— Сіз команда тізгінін маусым барысында ұстадыңыз, ол кезде клуб жағдайы мәз емес еді. Содан бері команда жағдайы қаншалықты түзелді?

— Едәуір өзгерістер бар. Әрине, плей-офф мәселесін ертерек шешетін жөніміз бар еді. Бірақ бізді алдымызда көптеген кездесулер күтіп тұрды. Сол бәсекелер өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Баскетболшыларымыз да болдырып, матч тағдырын бір ұпай ғана шешіп кеткен немесе қолда тұрған жеңісті уыстан шығарып алған сәттер болды. Бірақ оған мойымай, жеңіс үшін күресті жалғастыра бердік. Плей-офф кезеңіне өтеміз деген үмітіміз зор.

— Бірыңғай лигадағы кезекті ойындар- команда үшін тағы бір үлкен сынақ емес пе?

— Алдағы ойындардың бізге оңай тимесі анық. Плей-офф кезеңінен дәмелі клубтардың бірі ВЭФ пен арадағы ойынымыз солардың алаңында өтсе, Саратовтың «Автодорын» өз алаңымызда қабылдаймыз. Ресейліктерді дәл қазір нағыз спорттық бабында деуге болады.Сондықтан біз үшін жеңіл матч жоқ.

— Мұндағы әрбір сәтсіз ойын команданы плей-офф кезеңінен алыстата түсетін анық.Солай емес пе?

— Әрине, бұл үлкен қысым,дегенмен біздің жұмысымызда болып тұратын жәйт.Спорт болған соң, мұндай да болып тұрады. Алайда плей-оффқа өтсең де қателікке бой беруге құқың жоқ. Өйткені өзіміздің күшімізге деген сенімді жоғалтып алмауымыз керек. Біз — Президенттік «Астана» клубының бір мүшесіміз. Ендеше бізге артылған жүктің жауапкершілігі өте зор.

Жандос АЛИБЕКОВ

Пікір жазыңыз