M-1 Challenge 92: Жеңілді деуге ауыз бармайды

Санкт-Петербургте ресейлік танымал промоушен M-1 Challenge өзінің кезекті турнирін өткізді. Чемпиондық белбеу сарапқа салынған жекпе-жектің бірінде, жерлесіміз Арман Әшімов пен украйналық Александр Доскальчук күш сынасты. Өкінішке орай исі қазақ  көз тіккен Нева жағалауындағы кездесу Доскальчуктің жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды SportX.kz.

Әшімов пен Доскальчук арасындағы (56,7 келі)  жекпе-жек  спорттық кештің көркін ашатын кездесу ретінде,  көрермендердің қызығушылығын  арттыра түскен еді. Бірақ,  орталық бәсекенің бірінен саналған жекпе-жек нәтижесі біз күткендей болмай шықты. Бес раундтан тұратын чемпиондық кездесуге, екінші бес минуттықтан кейін нүкте қойылды. Алғашқы үзілістен кейін  орын алған  тартысқа толы эпизодтардың бірінде, Арманның қолынан алған жарақаты, жекпе-жекті одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, біздің үміт артқан Арманымыз чемпиондық белбеуге қол жеткізе алмай қалды. Айта кетейік бұл Арман Әшімовтің  M-1 Challenge турниріндегі алғашқы жеңілісі. Біз яғни оның жанкүйерлері Арманжанның ертеңіне үлкен үмітпен қараймыз. Оның үлкен жеңістері әлі алда. Сеніңіз, дәл солай болатыны анық.

M-1 Challenge 92 аясындағы  орталық матчта  аса ауыр салмақ дәрежесіндегі сарбаздар Харитонов пен Вязгин  күш байқасты. Бірақ бұл бәсекеде ұзаққа барған жоқ. Екінші раундтың ортасында  Харитоновтың көзінен жарақат алуына байланысты қазылар алқасы,техникалық шешім қабылдауға мәжбүр болды. Сол екі раундтағы ұрыс нәтижесін саралай келе жеңісті Харитоновтың қанжығасына байлап берді. Екі спортшы  ұрыс алаңынан кетпей тұрып, жуық арада  қарымта матч өткізуге сөз байласты.

Пікір жазыңыз