ЛЧ: «Реал» орыстың армиясына төтеп бере алмады (ВИДЕО)

Еуропа чемпиондар лигасы топтық кезеңі аясында сегіз матч ойналды, деп хабарлайды SportX.kz.

Е тобындағы матчтың бірінде Мюнхенде «Бавария» голландиялық «Аякспен» ұпай бөлісті. Кездесудің 4- минутында Матс Хуммельс алаң иелерін алға шығарса, көп ұзамай Нуссайр Мазрауи таразы басын теңестіріп кетті.

Осы топтағы екінші ойында эллиндер елінің беткеұстар клубы АЕК өз жанкүйерлері алдында 2:3 есебімен «Бенфикаға» есе жіберді.

Екі турдің нәтижесі бойынша 4 ұпайдан еншілеген «Бавария» мен «Аякс» Е тобында көш бастап тұр.

F тобының фавориті «Манчестер Сити» сырт алаңда «Хоффенхаймнан» басым  үсті. Кездесудің 1- минутында алаң иелері есеп ашып алға шыққанымен араға алты минут салып қонақтар жауап қайтарып үлгерді. Дегенмен алма-кезек шабуылға ұласқан бәсекенің 87- минутында оңтайлы сәтті бос жібермеген Давид Сильва өз командасына жеңіс әкелді.

Осы топтағы екінші ойынға тоқталсақ, «Лион» өз алаңында донецкілік «Шахтермен» тең түсті. Матч барысында 0:2 есебімен жеңіліп жатқан алаң иелері, әупірімдей жүріп таразы басын теңестіре алды. Көрермендерді голдарға қарқ қылған тартысты да қызықты өткен бәсеке  2:2 есебімен аяқталды.

Екінші турдағы күтпеген нәтиже Мәскеуде тіркелді. Мадридтің «Реалын» қабылдаған жергілікті ЦСКА аты-шулы клубтың алдын орап кетті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды кездесудің 2-минутында Никола Влашич соқты. Кездесудің 95-минутында төрешімен сөз таластырғаны үшін екі бірдей сары карточка алған Акинфеев алаңнан қуылып, ЦСКА матчты он футболшымен аяқтауға мәжбүр болды. Дегенмен таблодағы есепті сақтап қалды.

Өз алаңында чехиялық «Викторияны» қабылдаған «Рома» стадионға жиналған көрермендердің айызын қандырды. Италиялықтар пльзендік клубтың қапасына жауапсыз бес гол тоғытты. Ерекше көзге түскен Эдин Джеко осы ойында үш голдың авторы атанды.

Джекодан қалыспаған «Ювентустің» мергені Пауло Дибала осы күні «Янг Бойздың» қақпасын үш рет дәл көздеді. Нәтижесінде 3:0 есебімсен жеңіске жеткен «Юве» алты ұпаймен H тобында жеке-дара көш бастады.

H тобындағы екінші бәсекеде «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Валенсиямен» тең ойнады. Манчестердегі матчта есеп ашылған жоқ.

Пікір жазыңыз