ЛЧ: Каталондықтар қатты ойнады (ВИДЕО)

Чемпиондар лигасының сәрсенбі күнгі бағдарламасында «Барселона» мен «Тоттенхэм» матчы басқа кездесулерден оқшау тұрды. Олай дейтініміз көрермендер екінші турдың орталық матчынан тартысқа толы ойын күткен, деп хабарлайды  SportX.kz.

Дегенмен Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионына жиналған жұрт бұл күні голдар легіне қарқ болды. Кездесудің 2- минутында Филиппе Коутиньо есеп ашса, одан әрі қонақтардың қарқыны күшеймесе, бәсеңсіген жоқ. Қорытынды есеп- 2:4.

Алаң иелері сапында Харри Кейн мен Эрик Ламела мергендік танытса, каталондықтар тарапынан соғылған төрт доптың екеуін  Месси, тағы бір допты хорват Иван Ракитич салды.

Осы В тобындағы екінші ойында голландиялық «Эйндховен ПСВ» өз алаңында 1:2 есебімен италиялық «Интерден» жеңіліс тапты.

Екі турдан кейін алты ұпайдан иеленген «Барселона» мен «Интер» В тобында көш бастап тұр. Екі реттен жеңілген «Тоттенхэм» мен «ПСВ» қоржыны әзірге бос.

 

 

Пікір жазыңыз