Күштілерге күшіміз жетпейді

Еліміздің беткеұстар клубы «Астана» Еуропа чемпиондар лигасының үшінші іріктеу раунды аясындағы бірінші матчта хорватиялық «Динамодан» ұтылып қалды, деп хабарлайды SportX.kz.

«Астана Арена» стадионында өткен бәсеке 0:2 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Кездесудің 39-минутында «Динамоның» шабуылшысы Марио Будимир, Дани Ольмодан жеткен допты қақпаға дәл тоғытып, өз командасын алға шығарды. Астаналық футболшылар есепті теңестіру үшін барын салып бақты. Үзілістен кейін де тыным таппаған алаң иелері қарсы қақпадан саңлау іздеумен әлек болды. Бірақ құр бос шапқылаудан нәтиже шықпады. Есесіне, көп ұзамай тағы  бір доп жіберіп алды. Бұл эпизодта тегі бразилиялық, ал бүгінгі күні Әзербайжан құрамасының намысын жыртып жүрген Ричард Алмейда көзге түсті. Осы голдан кейін ойындарынан береке кеткен алаң иелері, матч соңына қарай он ойыншымен қалды.

Жарақаты сыр берген Марин Анчичке ойынды жалғастыру мүмкін болмады. Бұған дейін  ережеге сәйкес мүмкін болған үш ойыншыны алмастырып қойған «Астана» бәсекені он футболшымен аяқтауға мәжбүр болды. Бұл кезде мәселенің түйіні алаңдағы ойыншылар санын да  емес таблодағы есеп те еді. Алаңға он емес он бес футболшы шығарсақ та кеш тұғын. Айналып келгенде өз алаңымызда көңілге қонатын нәтижеге қол жеткізе алмадық. Құрығанда бір гол соғуға жарамадық. Шынында да «Динамо» мықты екен. Алдағы қарымта матч жайында пәлен деп ауыз ашпай-ақ қоялық, Дегенмен мынадай нәтижемен және ойынмен Еуропаның азулы клубтарына төтеп беруіміз екіталай.

Қарымта матч 14-тамыздан15-не қараған түні Загребте өтеді. Қос ойын нәтижесінде жеңіске жеткені плей-офф кезеңінде швейцариялық «Янг Войз» клубымен күш сынасады.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» 

Пікір жазыңыз