Күрестен әлем чемпионатын қабылдаймыз

Күрес түрлері бойынша 2019-жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Мұндай мәртебелі жарыс қазақ елінде тұңғыш рет өткізілмек, деп хабарлайды SportX.kz.

Ересектер арасындағы әлем чемпионатын қабылдаудан Түркия да үмітті болған. Бірақ таразы басы бізге ауыпты. Сонымен өз жерімізде өтетін ересектер арасындағы әлемдік додадан не күтеміз?  Әрине, ұлттық құрамамыздан жеңіс күтеміз. Жамбасымызға оң келетін күрес түрлерінен  чемпиондар шықпағалы қашан. Бұдан былай бүкіл иісі қазақ Астанада доданы асыға күтетін рас. Өйткені еркін күрестен қазақ жастары арасынан әлі күнге әлем чемпионы шықпаған. Грек-рим күресінен КСРО тұсында  Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков және Дәулет Тұрлықанов сынды балуандарымыз топ жарды. Оның ішінде Шәміл марқұм әлем чемпионатын бір емес екі мәрте ұтып алды. Содан еліміз өз алдына шаңырақ көтерген тұста, дәлірек айтсақ 1998-жылы тұғыр төріне грек -рим күресінің шебері Бахтияр Байсейітов көтеріліпті. Мүмкін жаратқан ием, қазақтың күресте кеткен несібелерін Астана боз кілеміне жазған шығар.

Жиған-терген абыройдың арқасында Алматыда бокс және ауыр атлетикадан әлем чемпионатын қабылдап, спорт сүйер қауымға үлкен сый жасадық. Бекер өткізбеппіз,отандастары алдында намысты қолдан бермеген былғары қолғап шеберлеріміз қазақ боксы тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді. Біржан Жақыпов, Данияр Елеусінов, Мерей Ақшалов алтыннан алқа тағып, ел-жұрттың ықыласына бөленді. Күміс пен қола тағы бар. Ауыр атлеттеріміз де жарады. Бұрын-соңды спорттың осы түрінен әлемді бағындырған қазақты естімеген едік. Абырой болғанда чемпионсыз қалған жоқпыз. Өз салмағында алдына жан салмаған Жасұлан Қыдырбаев ауыр атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы деген құрметке ие болды.

Енді палуандардың кезегі келген сыңайлы. Астана боз кілемі құт мекенге айналып, балуандарымыз чемпион атанып жатса, қанеки. Әсем қаламыздағы  әлем чемпионатына дейін балуандар сыналатын жарыстар жетеді. Оның алғашқысы һәм алды деп күні ертең Индонезияда жалауын көтеретін Азия ойындарын айтуға болады. Оның артынша балуандарды Будапешттегі әлем чемпионаты күтеді. Мүмкін еркін күрестегі тұңғыш чемпионымызды, құдай қаласа Венгриядан қайтқан ұшақтан тосып алармыз. Бәрі мүмкін. Ең бастысы дүбірлі додаларда ел атынан сынға түсетін балуандардың бағы жансын деп тілейік.

Астананың еншісіне бұйырған әлем чемпионаты қыркүйек айының 14-22 аралығында өтеді.

 

Комментарии закрыты.