«Көкпар – батырдыкі, той – ақындыкі»
Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы тың бастама көтеріп отыр. Ертеңнен бастап еліміздің шартарабында алғаш рет ұлттық спорт түрлерінен «Ұлы дала рухы» атты үлкен фестиваль жалауын көтермек, деп хабарлайды SportX.
4-шілде күні басталатын үлкен той, қыркүйектің ортасына дейін жалғасады. Бұл күндері қазақтың кең байтақ даласы бейнебір сахналық көрініске айналайын деп тұрғандай. Фестиваль бағдарламасы да көз қуантады.Білегін түрінген апайтөс батырлар, епті һәм ойы жүйріктер екі жарым ай бойы көкпар, теңге ілу, бәйге, жамбы ату, аударыспақ, қазақ күресі,тоғызқұмалақ және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түседі.
Дәстүрлік таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары -жас ұрпақты іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге, ақыл-ойын жетілдіруге,отан сүйгіштікке баулитын және салауатты өмір сүруге тәрбиелейтін тендесі жоқ құрал. Фестивальдың басты мақсаты да ұлттық спорт түрлерін дамыту һәм насихаттау болып табылады. Өздеріңіз білетіндей қазақ қалың тұратын оңтүстігімізде ұлттық ойындар жақсы жолға қойылса, солтүстік пен батыс аймақтардағы жағдай басқаша. Тың жобаны қолға алғандар осы мәселеге ерекше мән беріп отыр.
Жалпы «Ұлы дала рухы» фестивальі аясындағы жарыстар екі кезеңге бөлінген. Алғашқы іріктеу кезеңі еліміздің төрт аймағын түгел қамтиды. Яғни республика бойынша жеті мыңнан астам спортшылар қатысатын алғашқы іріктеу ойындары Батыс, Шығыс, Оңтүстік және Солтүстік аймақтарда орналасқан төрт қаланың үлесіне тиіп отыр. Ал, фестивальдың финалдық кезеңі 11-қыркүйек күні Астана төрінде өтеді. Шешуші яғни ақтық додада аймақтық жарыстардан озып шыққан 250 үміткер бақ сынайды.