«Барыс» хоккейшілері Словакия астанасы Братиславада жергілікті «Слованнан» басым түсті. Аса шиеленісті өткен бәсеке 2:1 есебімен астаналық ұжымның пайдасына шешілді, деп хабарлайды SportX.kz.
Кездесудің бірінші бөлігінде есеп ашылған жоқ. Есесіне алғашқы үзілістен кейін мұз айдынында нағыз тартысқа толы ойын орын алды. Бір-бірінен қалыспаған қарсыластар көрермендердің көңілін көтеріп, делебесін қоздырды. Өйткені бұл кезеңде жанкүйердің жаны қалайтын әдемі комбинациялар мен керемет соғылған голдар одан қалса он хоккейші екі минуттық айыппен алаңнан қуылды. Кездесудің 21-минутында Рудольф Червены «Слованды» алға шығарғанымен олардың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Араға алты минут салып «Барыстың» шабуылшысы Никита Михайлис таразы басын теңестіріп кетті. Матчқа нүкте қойғаны шайбаны кездесудің 31-минутында Дмитрий Гренц салды. Алма-кезек шабуылға ұласқан шешуші кезеңде таблодағы нәтиже өзгеріске ұшырай қойған жоқ.
Осы бәсекеден кейін еншісіне 37 ұпай жазған астаналық клуб Шығыс конференцияның турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.
Осы турдан кейін Континенталдық лиганың тұрақты чемпионатына қатысушылар алты күндік демалыс алады. Кіші-гірім үзілістен кейінгі алғашқы матчты Президенттік спорт клубы жүйесіндегі клубымыз Новосібір қаласында жергілікті «Сибирьге» қарсы өткізеді.
.