Астананың «Барысы» Континенталдық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында сәтті өнер көрсетуде. Кезекті турдың ойынын өз алаңында өткізген астаналық хоккейшілер 3:1 есебімен Минскінің «Динамосынан» басым түсті, деп хабарлайды SportX.kz.
«Астана-Аренада» өткен бәсекедегі алғашқы гол кездесудің екінші бөлігінде соғылды. Екінші кезең белортасына жеткенде Даррен Диц пен Кертис Волк ұйытқы болған комбинацияны нәтижелі соққымен түйіндеген Дмитрий Шевченко мергендік танытты. Көп ұзамай-ақ Андре Петерссон есепті еселей түсті. Кездесудің шешуші кезеңінде алаң иелері қақпасынан саңлау тапқан минскілік хоккейші Денис Осипов, ойынға қайта рең беріп, алаңдағы ойын қайта жанданғандай болды. Бірақ қонақтардың үміті Дастин Бойд салған үшінші голдан кейін су сепкендей басылды. Осымен кезекті жеңіске қол жеткізген астаналықтар турнир кестесіндегі жағдайын едәуір жақсарта түсті.
Алдағы жұма күні «Барыс» өз алаңында Подольскілік «Витязьді» қабылдайды
КХЛ
«Барыс» (Астана, Казақстан) — «Динамо» (Минск, Беларусь) 3:1 (0:0, 2:0, 1:1)
Голдар:
1:0 — 30:48 Шевченко (Диц, Волк).
2:0 — 36:46 Петерссон (Михайлис, Старченко).
2:1 — 40:39 Осипов.
3:1 — 47:15 Бойд (Волк, Фрэттин).
«Барыс»: Карлссон — Климонтов, Семёнов, Блэкер, Даллмэн, Диц, Даллмэн, Данияр, Орехов, Маклюков — Михайлис, Волк, Акользин, Боченски, Кормье, Фрэттин, Петерссон, Бойд, Старченко, Гурков, Сагадеев, Шевченко;
«Динамо» Минск: Энрот, Карнаухов — Готовец, Осипов, Хенкель, Уиркош, Хохлов, Евенко, Знахаренко — Пулккинен, Казионов, Артёмов, Хауден, Дроздов, Костицын А., Степанов, Костицын С., Китаров, Волков, Ковыршин, Буйницкий.
Бас демеуші — «Самұрық -Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»