Хабиб пен Конор егіз қозыға айналып барады (ВИДЕО)

UFC ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы Хабиб Нурмагомедов бокс ережесі бойынша кіші Мэйуэзермен жұдырықтасуға дайын, деп хабарлайды SportX.kz  

Кеше ғана Макгрегорды тәбубесіне келтіріп UFC чемпионы атағын қорғап қалған дағыстандық палуан Хабиб Нурмагомедов, бұл күндері теледидар мен бұхаралық -ақпарат құралдары бетінен түспей жүр. Хабибтің елге соншалықты танылуына Конор Макгрегордың ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн. Тентек мінезді сарбаздың образын керемет сомдаған ирландиялық спортшы, айғай -шу мен дау-дамайдың арқасында титулдық кездесудің құны мен дәрежесін өсіріп, көрермендердің делебесін қоздырды. Мұны аз десеңіз, Макгрегор жекпе-жектен кейін де шиеленісті одан әрі үдетті. Бірақ соңғы жарнамалары өзінен гөрі Хабибтің ұпайын арттырғандай.

Қызық деген осы шығар, Хабиб бүгінг дәлме-дәл Макгергордың жолын қайталап отыр. Жеңіспен аяқталған матч соңынан жүйкесі сыр берген қап тауының оғланы жаппай төбелеске ұйытқы болып, басы пәлеге қала жаздады. Одан соң Макгрегормен,арадағы дау-дамайлар қайта басталып, ең қызығы оның соңы әйгілі боксшы кіші Мэйуэзерге келіп тірелді. Олай дейтініміз Хабиб Нурмагомедов өзінің бітіспес қарсыласына айналған Макгрегор сияқты жеңілістің ащы дәмін татпаған Флойд Мэйуэзерді жекпе-жекке шақырып отыр. Бұл — былтырғы Конор Макгрегор мен Флойд Мэйуэзер арасындағы кездесудің көшірмесі.

Кеше Хабиб Нурмагомедов Ресей бокс федерациясы басшысымен кездесіп, америкалық Флойд Мейуэзермен арадағы бәсекенің мән-жайын талқыға салды.

Конорды ұтқан Хабибтің шақыруын қабыл алған әйгілі боксшы, алдағы матчқа қатысты өз талаптарын қойып, мәселенің басын ашып алған. Кіші Флойд жекпе-жектің Лас-Вегаста өткенін қаласа, Нурмагомедов оны Мәскеуге тартқылауда. Ресейлік сарбаз бокс ережесіне негізделеген жекпе-жектің Мәскеудегі 100 мың көрерменге арналған әйгілі «Лужники» стадионында өткізуге ынталы. Ондағы басты мақсаты -ақылы трансляция сатылымдарынан рекордтық көрсеткіш орнату.  Мына түрімен Хабибтен жақсы іскер шығатын сияқты. Керек десеңіз қаржыға кенелудің түрлі жолдарын меңгерген кешегі ұстазы Макгрегордың өзін жарты жолда қалдыратын түрі бар.

Мына заманда таң қалатын ештеңе жоқ. Бәрі мүмкін. Спорт-үлкен шоуға, ал  спортшылар -шоуменге айналды. Бәрінен де кеше ғана қолғабын шегеге ілген атақты боксшы кіші Флойд Мэйуэзерге рахат болды. Аралас жекпе-жектің майталмандары бірінен -соң бірі оның шегеге ілген қолғабын қайта-қайта кигізуде. Жәй емес үлкен ақша береміз деп шақырады. Бокс ережесімен бәсекеге түсеміз, мол қаржы аласың деп тұрса, қалай бас тартсын, келісіп отыр. Бір қарағанда Хабиб пен Конор әйгілі боксшының ермегіне айналғандай. Мүмкін мен қателесетін шығармын. Керісінше, Флойдтың өзі  Хабиб пен Конорға ермек шығар.

Дегенмен әңгіме басқада. Шындап келсек, әйгілі үштік, сіз бен біздің яғни жер шарындағы миллиондаған көрермендерді өз ермектеріне айналдырып отыр. Олардың кезекті бір жанжалы біздің делебемізді қоздырып, сол жекпе-жекті асыға күтеміз, күн өткен сайын олар қоятын спектакльдің бағасы да дәрежесі де өсе түседі. Бұл, олар үшін қыруар қаржы. Ендеше, тағы бір қойылым дайын,тек күту ғана қалды.

Пікір жазыңыз