Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында шахматтан әйелдер арасында әлем чемпионаты жалғасуда. Ширек финалдың бірінде жерлесіміз Жансая Әбдімәлік украйналық Мария Музычукпен кездесіп, екі партиядағы ойын тең есеппен аяқталды. Жарыс ережесіне сәйкес жеңімпазды анықтау үшін қосымша тай-брейк беріліп, жеңіске жеткені жартылай сында өнер көрсететін болады, деп хабарлайды SportX.kz.
18-жасар қазақстандық гроссмейстердің жолына қарап отырған жанкүйерлері бүгінгі ойынның нәтижесін асыға күтетін болады. Жансаяға дейін Қазақстан шахмат спорты тарихында әлем чемпионатының 1/4 сынында өнер көрсеткен бойжеткендер болған емес. Ханты-Мансийскідегі ойындарға келсек, Жансая үшін ширек финалдық бәсеке сәтті басталған. Ақ фигуралармен ойнаған әлемнің экс-чемпионы Мария Музычук алғашқы партияда алғырлық танытқан Жансаяның мықтылығын мойындамасқа амалы қалмаған. Бірақ екінші партиядағы жүрісті бірінші бастаған алматылық шахматшы, уақыт өте қарсыласын жеңісімен құттықтауға мәжбүр болды. Осылайша есеп теңесіп, матч тағдыры бүгін өтетін тай-брейктің үлесінде қалып отыр.
Ширек финалдық бәсекелердің бірінде қытайлық Лэй Тинцзэені ұтқан ресейлік Екатерина Лагно бірінші болып жартылай сыннан орын алды. Алдағы жартылай сында Екатерина Лагно тағы бір қытайлық шебер Джу Венджунмен таласқа түседі.
Осы күні тағы бір ширек финалдық матч тең ойынмен аяқталды. Ресейлік Александра Костенюк украйналық Анна Музычукпен тең түсті. Мұнда да жеңімпазды тай-брейк анықтайтын болады.
Нокаут- жүйесіне негізделген Ресейдегі әлем чемпионатында 28 мемлекеттен 64 шахматшы бақ сынауда. Жүлде қоры $ 450 мыңды құрайтын жарыс 23-қарашаға дейін жалғасады.