Головкин мен Альварес уақытша жарыстан шеттетілді

Сауль «Канело» Альвареспен (50-1-1, 34 КО) өткен қарымта матчта жеңіліс тапқан отандасымыз Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) уақытша бокстан шеттелді, деп хабарлайды SportX.kz.

«Шеттетілді» деген сөз құлаққа жаман естілетіні рас. Бірақ бұл жерде күйіп-пісетін дәнеңе жоқ. Невада штатының Атлетикалық комиссиясы осындай шешім қабылдапты. Мұндай шеттетулер кәсіпқой бокста қалыпты жағдай болып есептеледі. Жекпе-жек өткізіп шаршаған боксшы қалпына келуі үшін осындай процедура қарастырылған. Сол себепті Геннадий Головкин 31-қарашаға дейін жарыстардан шеттетілген.

Оның кешегі қарсыласы Альварес 15- қарашаға дейін шаршы алаңға шықпайды. Ол да комиссия шешімімен уақытша бокстан  шеттетіліп отыр.

16- қыркүйекте өткен титулдық жекпе-жек  екі боксшыға да оңай тимеген сияқты. Кездесуден кейін екеуі де дәрігердің көмегіне жүгінген. Оң жақ қабағы жарылған Головкинге сегіз , ал «Канелоның» сол жақ қабағына алты жерден тігіс салынған.

Өздеріңіз білетіндей Лас-Вегастағы он екі раундты түгел қамтыған қарымта матч төрешілер шешімімен Альварестің пайдасына шешілген еді. Генадағы бар белбеуді түгел тартып алған мексикалық боксшы шын мәнінде жаңа белеске көтеріліп отыр. Оны мойындағанымыз жөн. Ол — жаңа чемпион және жаңа жұлдыз. Ия, солай. Қанша жылдар бойы чемпион деп жазып та айтып та жүрген Головкинді, ендігі жерде экс-чемпион дәрежесінде қабылдамасқа амал жоқ.

Пікір жазыңыз