Көптен күткен Головкин — Альварес жекпе-жегі өтті де кетті. Миллиондаған көрермен көз тіккен тарихи матчтың нәтижесі біз күткендей шықпады. Қазақстандық боксшы алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты, деп хабарлайды SportX.kz.
Екеуі де мықты, екеуі де жеңіске лайық боксшылар екеніне тағы да көз жеткіздік. Бекітілген 12 раунд бойы алысып-жұлысқан қарсыластар бір-бірінен кем түскен жоқ. Онда Головкин неге жеңілді дейсіз ғой. Жерлесіміздің жеңіске деген жігері үнемі тасып тұратын майталман. Бұл жолы да көзі оттай жанған Гена,»Канелоны» ұрып жығуға дайын жүрді. Жекпе-жекті асықпай отырып, қайта тамашаласаңыз Альварестің бірнеше мәрте ауыр соққылар жіберіп алғанын байқауға болады.
Бірақ тактикалық тұрғыдан алғанда, Альварестің командасы Головкин мен оның ұжымын сан соқтырып кеткендей. Бұған олардың былтырғы жекпе-жегі арқылы көз жеткізуге болады. Алғашқы бәсекеде шаршы алаңда Головкин билік құрса, бұл жолы ацтектің ұрпағы ойын тізгінін қолынан шығармады. Бүгінгі кездесуде оның қарағандылық боксшыны үнемі тықсырумен жүргенін бәріміз көрдік. Осыған қарап Альварестің жаттықтырушылар штабы қарымта матчқа тыңғылықты дайындалғанын білуге болады. Әйтпесе мексикалық боксшының Головкиннің алдында айтуға тұраралық артықшылығы жоқ. Соққылары да ауыр емес және бірінші кездесумен салыстырғанда «Канело» бұл жолы көп соққылар жіберіп алды. Головкиннің ойын тәсілі өзгермеген. Дәл сол өзіне тән стилінен айнымаған. Тек бір өзгеріс, ол- Генаның тізгінді қарсыласына беріп алғаны. Өзі шабуылдаудың орнына, көбінесе күтіп алып жүрді, Негізінде Головкин шабуылды ұнататын боксшы. Ал, Альварес қорғаныста жүріп ұрыс салатын шебер. Бірақ қарымта матчта бәрі керісінше болып шықты. Сөйтіп не керек бокс тарихына алтын әріппен жазылған Головкин-Альварес теке-тіресі өз мәресіне жетті. Ел ішінде бүгінгі жекпе-жек жайлы әңгіменің таусылмасы анық.
Талай жыл шаршы алаңда дауыл тұрғызған Геннадий Головкиннің де дәурені өтті-ау шамасы.Тепсе темір үзетін жирыма бестің ауылы алыстаған. Келер жылы отыз жетіге толады екен. Қырыққа таянған орта салмақтағы боксшының шаршы алаңды атой салуы екіталай. Осыдан кейін бітіспес қарсыластардың ринг төрінде қайта кездесетініне күмәндіміз. Оның үстіне 28 жастағы Альварестің болашағы әлі алда. Оның шеберлігі мен күші әлі өспесе, төмендейді деп айта алмаймыз. Бірақ кәсіпқой бокстың үлкен шоу-бизнес екенін де есте шығармайық. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, бұл заманда бәрі мүмкін. Міне, жыл бойы бұхаралық-ақпарат құралдарына азық болған Головкин-Альварес арасындағы жекпе-жекке осылайша нүкте қойылды.