Бұл күндері көрші қырғыз елінің бас қаласы Бішкекте 17 жасқа дейінгі қыздар арасында футболдан «Үміт» атты халықаралық турнир өтуде, деп хабарлайды SportX.kz.
Турнир аясындағы алғашқы матчты өзбекстандық құрбыларымен өткізген еліміздің қыздар құрамасы, кездесу барысында едәуір басымдыққа ие болды. Кезекті шабуылдың бірінде оңтайлы сәтті бос жібермеген команда капитаны Лейла Садықова, өзбекстандық қақпашы Ангелина Полюшкевичті сан соқтырып кетті. Қарап қалмаған өзбек қыздары Камола Еркинованың күшімен көп ұзамай таразы басын теңестіріп үлгерді. Осы голдан кейін шабуылды үдете түскен жерлестеріміз таблодағы есепті ұлғайтатын бірнеше мүмкіндік алған еді. Алайда бірде Лейла Садықова, ойын соңына таман Сәбина Махаматова тепкен доптарға тосқауыл бола білген Ангелина Полюшкевич, таблодағы тең нәтижені сақтап қалды.
Келесі ойынын бұрымды футболшыларымыз ертең Қырғызстан құрамасына қарсы өткізеді. Кездесу Астана уақыты бойынша 18:00-де басталады.
Қазақстан U-17 — Өзбекстан U-17 1:1 (1:1)
Голдар: Садықова 10 — Еркинова 21
Қазақстан: Оразбекова (гк), Шолақова, Ташмет (Әбілғазина 85), Иванова, Кенжетай, Л. Садыкова (к), Айтымбетова, А. Шалмұханбетова (Махаматова 80), Бурова, Ф. Исмаилова, Көпжанова (Хасенова 52)
Аға жаттықтырушы: Орынбасар Дәуренбекова.