Еуропа лигасының фавориттері жаңа маусымды сәтті бастады. «Челси» сырт алаңда ПАОК (Грекия) ұтса, «Арсенал» өз алаңында украйналық «Ворскланы» 4:2 есебімен ойсырата ұтты, деп хабарлайды SportX.kz.
Салоникиде жергілікті ПАОК лондондық «Челсиді» қабылдаған. Белді футболшыларына демалыс берген лондондық клубтың бүгінгі матчқа қатысты жоспары өз нәтижесін берді деп айтуға болады. Өйткені қосалқы құрамның күшімен-ақ жеңіске жете алды. Кездесудің 7-минутында қақпашымен жекпе-жек шыққан Виллианның жерлетіп тепкен добы қақпа торында тулап қалды. Нәтижесінде бразилиялық футболшы соққан жалғыз гол бүгінгі ойынның тағдырын шешіп кетті.
ПАОК (Грекия) — Челси (Англия) — 0:1 (0:1).
Гол: Виллиан, 7 (0:1).
Е тобында статусы жағынан Чемпиондар лигасына лайық қос команда өнер көрсетуде. Олар- «Арсенал» мен «Спортинг». .Алғашқы турда екеуі де жеңіске жетті. Лондондық футболшылар өз алаңында Украйнадан ат терлетіп жеткен «Ворскланы» ірі есеппен жеңді. Ойын нәтижесі- 4:2.
.Арсенал (Англия) — Ворскла (Украина) — 4:2 (1:0).
Голдар: Обамеянг, 32 (1:0). Уэлбек, 48 (2:0). Обамеянг, 56 (3:0). Озил, 74 (4:0). Чесноков, 77 (4:1). Шарпар, 90+4 (4:2).
Өз алаңында «Карабахты» (Әзербайжан) қабылдаған «Спортинг» қонақтардың қақпасына жауапсыз қос доп соқты.
Спортинг (Португалия) — Карабах (Әзербайжан) — 2:0 (0:0).
Голдар: Рафинья, 54 (1:0). Кабрал, 88 (2:0).
Келесі турда яғни 4- қазан күні «Спортинг» Украйнада «Ворскламен», ал «Арсенал» сырт алаңда «Карабахпен» күш сынасады.