«Ертісті» сағынып қалыпты 

«Ертістің» бұрынғы футболшысы Антонио Родриго Павлодарға қайтып оралды. Қазақстаннан кете барған бразилиялық шамасы еш жерге сыймаған-ау, кеше клубпен жаңа келісім шартқа қол қойды, деп хабарлайды SportX.kz. 

Футболдағы алғашқы қадамын «Васко да Гама» клубында бастаған Антонио Родриго, одан әрі еш жерде ұзақ тоқтамаған. Португалияның өзінде  «Маритиму», «Белененсиш», «Пасуш де Феррейра», «Ольяненси» секілді клубтардың сапында өнер көрсетіп үлгерген. Жылы жер іздеген футболшы 2016-жылы Израйльдің «Бней Сахнин» клубы сапыннан бой көрсетеді. Таяу Шығыста көп кідірмеген жиһанкез, осылай жүре-жүре бір күні Қазақстанды тауып алады. Аты-шулы Бразилия елінен келген футболшыны Павлодардың «Ертісі» құшақ жая қарсы алып, бірден команда сапына қосып алды. Тыным таппайтын 30 жастағы Антонио маусым қорытындысы бойынша «Ертіс» сапында ең көп ойын өткізген футболшы да атанады. Бірақ еш жерде бір жылдан артық тұрақтамайтын Родриго, Павлодардан кетіп тынды.

Алайда бұрын-соңды бір ойнаған клубына екінші қайтып бас сұқпайтын футболшының «Ертіс» қосына қайтып оралғаны қызық. Мүмкін футболдан қолы тимеген Родриго, әсем қаланы аралап үлгермеген болар. Бәлкім, ойнап жүріп жоғалтып алған затын алып кетуге келді ме? Жалпы, қазақ елінде шетелдіктер қызығатын дүние жетеді! Оларды тізіп жатып қайтеміз, оны іштеріңіз сезетініне күмәнім жоқ. Ендеше қайта оралған Родригоның да бір қызыққаны бар шығар.

 

 

Пікір жазыңыз