Франциялық дзюдошы Кларисс Агбеньен әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Бакуде өтіп жатқан әлемдік доданың ақтық сынында Агбеньен жапониялық Мика Ташироны қапы қалдырды, деп хабарлайды SportX.kz.
Төрешілерден «иппон» бағасын алған франциялық балуан 63-келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Осы салмақта ел атынан сынға түскен аруымыз Ақниет Тұрдан ресейлік балуанға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
Осы күні ерлер 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша планетамыздың мықтысы мен жүлдегерлерін анықтады. Былтырғы әлем чемпионатында қола медальды місе қылған ирандық пехлеван Сайд Моллай бұл жолы қарсы келгендерді қоғадай жапырып, алтыннан алқа тақты. Теһрандық дзюдошы финалдық белдесуде жапониялық Сотаро Фуджиравадан басым түсті. Иран дзюдо күресі үшін бұл тарихи жеңіс деп айтуға болады. Өйткені соңғы он бес жылдан бері Иран балуандары арасынан әлем чемпионы шықпаған екен.
Осы салмақта бақ сынаған Азия ойындарының чемпионы Дидар Хамза, өзін жақсы қырына көрсете алды. Түркістандық жігіт үшінші айналымда олимпиада чемпионы ресейлік Халмурзаевпен жолыққан. Негізгі уақыт тең аяқталып, «алтын ұпай» сарапқа түскен белдесу барысында Дидар әдіс жасап та үлгерген. Бірақ біздің балуанның әрекетін бағалаған төрешіні көрмедік. Не керек, сәті келгенде әдіс қолданып кеткен қарсыласы келесі айналымға жол тартты. Бүгін татами төріне Ислам Бозбаев (-90кг) пен Аэлита Щербакова (-70 кг) шығады.