Дзюдо балуандары Бакуге жиналуда

Жақын күндері Әзербайжанның бас қаласы Бакуде дзюдодан әлем чемпионаты жалауын көтереді. Қазақстан ұлттық құрамасы байрақты додаға қатысатын команда сапын жария етті, деп хабарлайды SportX.kz.

Бакуде жайылған татамиде дзюдо күресінің балуандары 14 салмақ категориясы бойынша өзара 2018 жылдың мықтыларын анықтайтын болады. Алдағы сында әлемнің 130 елінен 800-тарта үміткер бақ сынамақ.

Чемпионатқа қатысушылар әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартуға тамаша мүмкіндік алады. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, әлем чемпионы атанған спортшыға  2000 ұпай, күміс жүлдегерге 1400, ал қола медаль иелері өз есебінде 1000 ұпай жазады. Бұдан бөлек қосымша сый тағы бар. Алтын жүлде иегерлеріне 26 мың еуро, күміс алғандарға 15 мың еуро, ал қола жүлдегерлерге 7 мың еуро сыйақы тағайындалыпты. Бір сөзбен айтқанда, шын күштілер Бакуден құр қол қайтпайды. Жақында аяқталған жазғы Азия ойындарында жарақат алып қалған ең атақты дзюдошымыз Елдос Сметов Бакуге баратын балуандар тізімінде жоқ. Сірә, Елдос балуан жарақатынан толық айықпаған болу керек

20-27 қыркүйек күндері  өтетін әлем чемпионатында Қазақстан атынан сынға түсетін балуандар құрамы мынадай:

Ерлер:

Ғұсман Қырғызбаев (-60 кг)
Ерлан Серікжанов (-66 кг)
Жансай Смағұлов (-73 кг)
Бекәділ Шаймерденов (-73 кг)
Азиз Қалқаманұлы (-81 кг)
Дидар Хамза (-81 кг)
Ислам Бозбаев (-90кг)
Виктор Демьяненко (-100 кг)
Ерасыл Қажыбаев (+100 кг)

Әйелдер:

Галбадрах Отгонцэцэг (-48 кг)
Севара Нишанбаева (-57 кг)
Ақниет Тұрдан (-63 кг)
Аэлита Щербакова (-70 кг)
Ажар Салықова (-70 кг)
Зарина Райфова (-78 кг)
Гүлжан Исанова (+78 кг)
Камила Берліқаш (+78 кг)

Пікір жазыңыз