Джошуа мен Поветкин төбелесетін күн жақын

WBO, WBA (Super), IBF и IBO версиялары бойынша әлем чемпионы британиялық Энтони Джошуа (21-0, 20 КО) мен ресейлік Александр Поветкин (34-1, 24 КО) арасындағы жекпе-жектің қашан өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды SportX.kz.

22-қыркүйек күні Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында үлкен бокс кеші күтілуде. Осы кештің орталық матчында аса ауыр салмақтағы дүлдүлдер Джошуа мен Поветкин жұдырық түйістіреді. Бұл жөнінде боксшылардың промоутерлері мен Sky Sports телеканалы ресми түрде мәлімдеме жасады. Британиялық боксшы алдағы жекпе-жекке осы күнге дейін жиған терген чемпиондық белбеулерін түгел  бәсекеге тігеді яғни жеңілген жағдайда бар атағынан айырылып тынады. Ал, кезінде кіші Кличкодан оңбай таяқ жеген Поветкинге тағы бір тамаша мүмкіндік беріліп отыр. Өйткені ресейлік боксшы WBA тарапынан міндетті үміткер ретінде, Джошуамен кездесуге мүмкіндік алып отыр.

Екі боксшы да кезінде олимпиадалық ойындардың чемпионы атанған. Поветкин 2004-жылғы Афины олимпиадасында, ал Джошуа  2012 -жылы  Лондон төрінде топ жарды. Сол жолы британиялық боксшы  жартылай финалда  біздің Иван Дычконы қапы қалдырған болатын.

Пікір жазыңыз