Римде мәресіне жеткен Гранд-турдың шешуші кезеңінде ирландиялық велошабандоз Сэм Беннет (BORA – hansgrohe) топ жарды. Элиа Вивиани (Quick-Step Floors) екінші нәтиже көрсетсе, Жан Пьер Друкер (BMC Racing Team) үздік үштікті түйіндеді, деп хабарлайды SportX.kz.
Қалыптасқан дәстүрге сай Рим көшелерін басып өткен шешуші кезеңде жарысқа қатысушылар бірдей уақыт көрсетті. Ал көпкүндік мәртебелі доданың қорытындысы бойынша алдына жан салмаған британиялық шабандоз Кристофер Фрум Гранд-турдың жеңімпазы атанды. «Үлкен құрық» аясындағы төрт турдың алды саналатын «Тур де Франсты» төрт мәрте ұтқан Фрум, Джиро велододасында алғаш рет жеңіске жетіп отыр.
Дәстүрлі жарыстың былтырғы жеңімпазы Том Дюмолен жалпы есепте екінші орынға жайғасса, жүлделі үшінші орынға «Астана» сапындағы колумбиялық шабандоз Мигель Анхель Морено табан тіреді. Сондай-ақ «Астана» велокомандасының тағы бір өкілі Пейо Бильбао (Испания )үздік алтылықтың қатарынан орын тепті. Отандық велокоманда үшін бұл сөз жоқ үлкен жеңіс.
«Джиро д’Италия». 21-кезең. Рим, 115 км
1. Сэм Беннетт (Ирландия, BORA – hansgrohe)
2. Элиа Вивиани (Италия, Quick-Step Floors)
3. Жан-Пьер Друкер (Люксембург, BMC)
Жалпы есептің қорытындысы
1. Кристофер Фрум (Ұлыобритания, Sky).
2. Том Дюмулен (Нидерланды, Sunweb).
3. Мигель Анхель Лопес (Колумбия, «Астана»).
4. Ричард Карапас (Эквадор, Movistar).
5. Доменико Поццовиво (Италия, Bahrain Merida).
6. Пейо Бильбао (Испания, «Астана»).