Кеше ғана кәсіпқой боксқа ден қойған Данияр Елеусінов, үшінші жекпе-жегін өткізуге дайын. Алғашқы екеуін қиналмай жеңген жерлесімізге бұл жолы бір мықтыны тапқан сияқты, деп хабарлайды SportX.kz.
Венгриялық боксшы Габор Горбичті естігендеріңіз бар ма? Бір білетініміз венгр жігіті шаршы алаңда 24 кездесу өткізіп,14 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаған. Статистикаға қарағанда тіс қаққан шебер екені даусыз. Бірақ биылғы жыл Габордың жолы болмай жүр. Сәуір айында венгриялық шебер олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегері, бізге өте жақсы таныс өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен кездесті. Бізге таныс дегеніміз, Рио олимпиадасының финалында Шахрам біздің Даниярдан ұтылып күміс медальды місе қылған еді. Ал, Нью-Иорктегі «Кингс Сиэтр» спорт кешенінде өткен бокс кешінде Габор Горбич, төрешілер шешімімен өзбек жігітінен ұтылып қалды. 1-шілде күні рингке қайта көтерілген Горбич, тағы да жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды. Мәскеу төріндегі матчта отыз жастағы венгр өзінен тоғыз жас кіші ресейлік боксшы Сергей Лубковичпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек ұзаққа бармай, кездесудің бесінші раундында техникалық нокаутпен Лубкович жеңіске жетті. Біздің үміт артқан болашақ жұлдызымызға қарсы шығатын боксшының соңғы бәсекелердегі көрсеткіштері осындай.
Жалпы Данияр мен Габор бұдан бұрын кездесетін болған. Бірақ 6-маусымға жоспарланған Лондондағы бәсеке Горбичтің жарақат алына байланысты өткізілмей қалған болатын. Есесіне екінші бір венгр боксшысы Золтон Шабоны ұтқан Елеусінов, енді Габор Горбичтің өзін тізерлетуге дайын.
Алдағы жекпе-жек 4- тамыз күні Кардифф қаласындағы Ice Arena Wales (Уэльс) спорт кешенінде өтеді.