Қалың қазақ Уэльске аттанған Даниярдан тек жеңіс күткен. Жерлесіміз сенімінің үдесінен шыға алды. Алты раунд бойы қарсыласын сабаумен болған Данияр, бәсекені мерзімінен бұрын аяқтауға талпынып та көрді. Екінші раундтың соңына таман венгр нокдаун немесе нокаутқа түсудің шақ алдында қалған, бірақ оны гонг үні құтқарып қалды. Дегенмен Габор Горбичтің тәжірибесі мол һәм әккі боксшы екенін ұмытпаған жөн. Екі қолын бір сәтке де төмен түсірмеген венгр алты раунд бойы қорғанумен болды. Бүкіл матч бойы ашық ұрыстан қашқақтаған Горбич, меніңше осы кездесуге қатысты миссиясын өз дәрежесінде орындап шыққан сыңайлы. Біріншіден алты раундқа шыдап берсе, екіншіден нокдаун һәм жарақат алмай жеңіл құтылып кетті. Жасы отыздан асып бара жатқан Горбичтің кәсіпқой боксқа ден қойғанынан он жылдың жүзі болып қалыпты. Оны чемпиондық белбеуден немесе қандай да бір атақ-даңқтан күдер үзген «қатардағы жауынгер» десек қателеспейміз. Оның міндеті, Данияр сияқты амбициясы зор боксшыларға қызмет етіп, менеджерінің талабын орындап, кәсіпқой бокстағы өзіне тиесілі нәпақасын табу ғана. Мысалы үстііміздегі жылдың сәуір айында Габор Горбич бізге есімі жақсы таныс өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен кездесіп, ұпай санымен ұтылып қалды. Шахрамның да алдына қойған мақсаты зор.
Данияр мен Шахрам
Рио олимпиадасында Өзбекстан құрамасының айды аспанға шығарғаны есімізде. Медальдар саны бойынша көрші елдің оғландары (3-алтын, 2-күміс және 2-қола) алдарына жан салмай командалық бірінші орынды иеленді. Сол жолы 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Гиясов ақтық сында біздің Даниярмен кездесіп, өте тартысты өткен бәсеке ұпай санымен жерлесіміздің пайдасына шешілгенді. Енді міне, екі шебер кәсіпқой боксқа ден қойды. Аяқ-алыстары жаман емес. Екеуі де Горбичті ұпай санымен ұтып, алға тағы бір қадам жасады. Кім біледі, күні ертең жолдары түйісіп қалуы ғажап емес. Ішімізден олардың титулдық жекпе-жек аясында кездескенін қалар едік. Жалпы өзбек-қазақ спортшылары арасындағы теке-тіреске деген қызығушылық қашанда жоғары.
Данияр Елеусіновтің Горбичпен өткізген кешегі жекпе-жегін талқыға салып жатқандар көп. Әркім әр қалай дейді. Біреулерге кездесудің белгіленген алты раундқа жалғасқаны ұнамаса, енді біріне Даниярдың ойын-өрнегі яғни бокстасу мәнері жақпапты. Олар Даниярдың кәсіпқой боксқа күні кеше қосылғанын ұмытқан сияқты. Уақыт өте өзгерістер болып жатар, дегенмен әр боксшының жылдар бойы қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы ешқайда да кетпейді. Сондықтан әліптің артын бағайық. Данияр кәсіби боксқа ауысқан аз уақыттың ішінде үш кездесу өткізіп үлгерді. Келесі жекпе-жегі де көп күттірмейтін сияқты. Matchroom промоутерлік компаниясының басшысы Эдди Хирн, жерлесіміздің қазан айында шаршы алаңға қайта көтерілетінін айтады. Алдағы жекпе-жек Чикаго қаласында өтіп қалуы мүмкін.