Ел болып күткен футбол кеші көңілден шықпады. Ұлттар Лигасы аталатын су жаңа турнир аясында Грузияны қабылдаған Қазақстан құрамасы қонақтарға есе жіберді, деп хабарлайды SportX.kz.
Қайран, қазақ футболы, сенің қадіріңе жететін күн бар ма екен? Жеңілгеніміз жеңілген. Осы Еуропада Қазақстанның шамасы жететін яғни жеңе алатын команда жоқ-ау, сірә. Осыдан он-он бес жыл бұрын қалай ойнадық, бүгін де дәл сол деңгейдеміз. Алып бара жатқан оң өзгеріс жоқ. Осы жылдар ішінде ондаған жаттықтырушылар алмасып, команда сапы жүз рет түрленді. Майлы шелпекке айналған Ұлттық құраманың қызығын шетелден шақыртылған мамандар көріп жатыр. Олардың санынан қазір жаңылып та қалдық. Түкке тұрмайтын қаншама шетелдік футболшыларға азаматтық алып беріп, оларға қаншама қаржы жұмсадық. Өз елінде жылы орын таппаған немесе болары болып қалған футболшылар Қазақстанға ағылды, ағылып та жатыр.
Грузиямен болған ойынға қатысты пікірлер сипаты әртүрлі. Дегенмен Қазақстан жақсы ойнады деген адам көп. Мен осыған аң-таңмын. Жақсы ойнаған команда- ұтуы керек емес пе? Ал, жаман ойнағаны ұтылады. Бұл жерде ешқандай дәлелдің қажеті жоқ. Ия, біз кеше көп шабуылдадық, допты көбірек бақылауда ұстадық. Бірақ мұның да себебі бар. Әдетте, гол жіберіп алған команда таразы-басын тезірек теңестіру үшін тайлы-таяғымен алға ұмтылады. Оның үстіне өз алаңында жеңіліп жатқан да алға ұмтылмаған да не істейді? Ал, есеп ашып алған грузиндер, одан әрі әліптің артын бақты. Оқта-текте бас көтеріп, негізінен қорғанысқа көбірек мән берді. Бірақ олардың шабуылдары өткір болғанын ұмытпайық.
Егер есепті біз ашқанда ойынның одан әрі қалай өрбитінін дөп басып айту қиын. Бірақ грузиндердің қарап отырмайтыны анық. Бір сөзбен айтқанда Грузия құрамасы кеше өзінің бар мүмкіндігін көрсеткен жоқ. Оны көрсетудің де қажеті болған жоқ. Олар үшін ойынды біз жасап бердік. Жалпы Ұлттар Лигасы — УЕФА тарапынан жасалған тамаша сый. Өйткені Қазақстан сияқты деңгейі төмен құрамалардың Еуропа чемпионатына шығуы екіталай. Ал, Ұлттар Лигасы үнемі көш соңында сүйретіліп жүретін ұлттық құрамаларға жаңа мүмкіндік беріп отыр. «Д» тобында үздік шыққан ұлттық құраманы алдағы Еурододан көретін боламыз. Дегенмен өз тобымыздағы басты қарсыласымыздан 0:2 есебімен ұтылып қалдық. Қалған екі команданы (Андорра мен Латвия) ұтсақ та, Грузияны басып озуымыз екіталай-ау.