Бүгін көпкүндік «Джиро д’Италия» велододасы басталады
«Джиро д’Италия»- «Үлкен құрық» аясындағы көпкүндік мәртебелі веложарыстардың бірі. Дәстүрлі велосайыстың жарыс жолы, алғаш рет Италиядан тыс жерде басталмақ. Гранд-тур қожайындары биылғы веломарафонның бастапқы үш кезеңін Израйльде өткізуге шешім қабылдапты.
Жарыс Йерусалимдегі Кнессет қабырғасынан басталып, одан әрі Хайфа, Тель-Авив және Эйлат бағытында өрбиді. Таяу Шығыстағы үш кезеңді артқа тастаған велошабандоздар одан соң жарыс жолын Италияда жалғастырады.
Жылдағыдай биыл да бас бәйгеден дәмелілер көп. Олардың қатарында жарыстың былтырғы жеңімпазы голландиялық Том Дюмулен (Team Sunwed) және әйгілі британиялық велошабандоз Крис Фрум (Sky) сияқты дүлдүлдер бар. Өз кезегінде қазақстандық жанкүйерлер отандық велоклуб «Астананың»жолына үлкен үмітпен қарайды.
Дәстүрлі велодода 27мамыр күні Римде мәресіне жетеді.