Бүгін түнде футболдан Еуропаның басты додасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында екінші турдың ойындары өтеді. Футбол сүйер қауым, ретін тауып жатса, ұзын-саны сегіз матчты тамашалай алады, деп хабарлайды SportX.kz.
Мюнхенде жергілікті «Бавария» Голландияның дүлдүлі «Аяксті» қабылдайды. Алғашқы ойында қос команда да ұпай жоғалтқан жоқ. «Аякс» өз алаңында 3:0 есебімен АЕК ойсыратса, мюнхендік футбол баһадүрлері сырт алаңда «Бенфиканың» қақпасына жауапсыз екі доп тоғытты. Бүгінгі матчта жеңіске жеткені Е тобында жеке-дара көш бастайды.
Мәскеуде жергілікті ЦСКА мен Мадридтің «Реалы» кездеседі. Өз алаңында «Романы» ірі есеппен ұтқан король клубы әзірге G тобында көш бастап тұр. Өз кезегінде мәскеулік армияшылар алғашқы турда Пльзенде «Викториямен» тең түскен болатын. Римде «Рома» мен «Виктория» сынға түседі.
Бірінші турда 0:2 есебімен «Валенсияны» ұтқан «Ювентус» бүгін өз алаңында швейцариялық «Янг Бойзды» сынаққа алады. H тобындағы екінші ойын Манчестерде өтеді. Мұнда Англия премьер лигасының өкілі испаниялық «Валенсиямен» күш байқасады. Алғашқы турдың ойынын сырта алаңда «Янг Бойзға» қарсы ойнаған «МЮ» 0:3 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Барлық ойындар Астана уақытымен сағат түнгі 00:45-те басталады.