Қазақстандық жартылай ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов (12-0, 9KO) бүгін Коста-Меса қаласында (Калифорния штаты, АҚШ) өзінің он үшінші жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды SportX.kz.
Жеңіліп көрмеген қазақтың 23-жасар батыры бұл жолы ринг төрінде мексикалық Джовани Хавьер Гомеспен (17-14, 11КО) қолғап түйістіреді.
Әли мұның алдында америкалық Хорхе Эскалантемен (9-1-1, 6 КО) кездескен. Калифорнияда өткен Hollywood Fight Nights 2 бокс кешінде жерлесіміз қарсыласын кездесудің төртінші раундында техникалық нокаутпен ұтқан болатын.
Сегіз раундқа жоспарланған бүгінгі кездесуде WBC версиясы жүйесіне кіретін Солтүстік Америка бокс федерациясының (NABF) жастар арасындағы жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеуі сарапқа түседі. Әзірге бұл белбеудің иесі -Әли Ахмедов.
Әли бүгінгі жекпе-жекке Генадий Головкин жаттығатын Big Bear лагерінде (Калифорния штаты, АҚШ) дайындалған.,