Ақтау шаршы алаңында бокстан ел чемпионаты жалғасуда. Әзірге ұлттық құраманың есігін қағып үлгерген сұңғыла шеберлер қарсыластарына дес берер емес, деп хабарлайды SportX.kz.
Кезекті жарыс күні аса жеңіл яғни 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша жарыстың ширек финалында өнер көрсететін боксшылар белгілі болды. Былтырғы чемпионаттың жүлдегерлері — Теміртас Жүсіпов, Шалқар Айқынбай, Сабыр Жолаушиев және Жандос Несіпжан биыл да жоғары нәтиже көрсетуге дайын. Төртеуі де алдағы ширек финалда өз өнерлерін ортаға салатын болады. 2017-жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Жомарт Ержан да осы салмақтың қожайыны екенін дәлелдейтін болады.
49 келі
Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы) — Сабыр Жолаушиев (Павлодар облысы)
Садай Фарзалиев (Шымкент) — Жомарт Ержан (Түркістан облысы)
Жандос Несіпжан (Алматы облысы) — Дінмұхамед Ибрагимов (Маңғыстау облысы)
Ермек Мәдиев (Жамбыл облысы) — Шалқар Айқынбай (Шымкент)
60 келі
Закир Сафиуллин (Шымкент) — Асылхан Ұзақбаев (Атырау облысы)
Дархан Жұмсақбаев (Астана) — Серік Теміржанов (Павлодар облысы)
Бағдат Уадаев (Қызылорда облысы) — Әл-Мұхамед Махмұт (Маңғыстау облысы)
Рустам Рустамов (Алматы облысы) — Саматәлі Төлтаев (Маңғыстау облысы)
Осы күні әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл мен еліміздің екі дүркін чемпионы Рустам Сыбаевтың жолы түйісті. 75 келі салмақтағы танымал боксшылардың жекпе-жегін көпшілік асыға күткен. Тәжірибе мен жалындаған жастықтың бәсекесінде қарсыласын екі рет нокдаунға жіберген тараздық жас саңлақ айқын жеңіске жете алды. Ұлттық құраманың капитаны ширек финалда қостанайлық Сергей Корбавичныйды сынап көреді.
Рио олимпидасының жүлдегері Василий Левит (91 келі) Ақтаудағы алғашқы бәсекесінде 22-жасар Алматы облысының өкілі Салауат Төлеубаевтан басым түсті. Левит алдағы ширек сында қостанайлық Артем Пчеляковпен қолғап түйістіреді.
Аса ауыр салмақ категориясында да ұлттық құраманың мүшелері дес бермей тұр. Ел чемпионы Нұрсұлтан Аманжолов (Жамбыл облысы) өзінің жерлесі әрі командалас әріптесі Әбілхайыр Тұрланбековтен алда болды. Нұрсұлтан ширек финалдық матчта ақтөбелік Ержан Сейтимбетовпен кездеседі. Осы салмақтың басты фавориті әлем чемпионатында күміс алған сыр өңірінің саңлағы Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға енді шығады. Бірінші айналымда бос қалған Қамшыбек алдағы ширек сында шымкенттік Нұрлан Нұрсейітовпен жұдырықтасады.
Сонымен ел додасында төрт салмақ категориясы бойынша ширек финалдық жұптар белгілі. Дегенмен Ақтаудағы жарыстың бар қызығы әлі алда.