Бір боксшымыз жарыстан шығып қалды

Жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында алғашқы боксшымыз жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды SportX.kz.

Үшінші жарыс күні шаршы алаңда төрт боксшымыз өнер көрсетті. Аса шиеленісті өткен кездесуде бразилиялық Ребекка Сантостан ұпай санымен ұтылған Мария Гладкова (60 келі) чемпионатпен ерте қоштасуға мәжбүр болды. Есесіне қалған үшеуі жарыстың келесі раундына жолдама алды. 49 келіде өнер көрсетіп жатқан Махмут Сабырхан алжирлік Фарис Джабаллахты кездесудің екінші минутында ноукаутқа жіберді. Сенбіге жоспарланған ширек сында Сабырхан ресейлік Дмитрий Батиаймен күш байқасады.

52 келі салмақ дәрежесіндегі мықтымыз Кәрім Серкебаев 4:1 есебімен болгариялық қарсыласы Рамиль Алиевтен алда болды. Кәрім жексенбі күні өтетін ширек сында бразилиялық Луис Оливейрамен жұдырық түйістіреді.

Осы күні неміс қызы Кети-Джейн Саториусты 0:5 есебімен ұтқан Жансая Әбдірайымованың (51 келі) өнері көрермендерге жақсы әсер қалдырды. Жансая 1/8 сында моңғолиялық құрбысы Мунгунсаран Болсанмен күш сынасып көреді.

Бүгін Будапешт шаршы алаңында тағы алты боксшымыз чемпионаттағы алғашқы жекпе-жектерін өткізеді. Бейбарыс Жексен (56 келі) марокколық Аббасом Абдессамадпен, ал Рахат Сейтжан (60 келі) беларусь Александр Раджионауды сынаққа алады. Талгат Шайкен (64 келі) америкалық Ота Джонстың тамырын басып көрсе, Ермахан Жақпеков (69 келі) италиялық Сальваторе Кавальяромен, 75 келі тартатын Нұрбек Оралбай Куба бокс мектебінің өкілі Эдель Гарсиа Акостамен, ал Сағындык Тоғамбай (81 келі) ағылшын Карол Итаомамен кездеседі.

 

Пікір жазыңыз