Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль «Канело» арасындағы қарымта матч төңірегіндегі дау-дамай басылған сияқты. Өйткені алдағы матчтың билеттері келесі аптадан бастап сатылымға шыға бастайды, деп хабарлайды SportX.
WBC, WBA (Super) және IBO тұжырымдарының орта салмақ дәрежесіндегі чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы матчты күткендер көп. Екі мықтының алғашқы теке-тіресі көпшілік арасында екіұдай пікір қалдырғаны әлі есімізде. Оның үстіне «»Канелоның» тиым салынған препарат пайдаланғаны анықталып, мексикалық боксшы тамыз айына дейін бокстан шеттетілді. Нәтижесінде 5-мамырға жоспарланған қарымта кездесу өтпей қалды.Бірақ сол екі арада кассаға түскен билеттер сатылып кеткен. Ертерек қамданған көрермендердің көпшілігі билеттерін кері қайтармаған болып шықты.Осы жағын ескерген ұйымдастырушылар билеттердің құнын көтермеген.
Билеттердің ең арзаны 300, ал қымбаты 5000 АҚШ долларына тең.
Көпшілік ұзақ күтіп қалған Головкин мен Альварес арасындағы қарымта матч 15-қыркүйек күні Лас-Вегастағы (Невада штаты,АҚШ) T-Mobile спорт кешенінде өтеді. НВО телеканалы Лас Вегастағы бокс кешінен тікелей репортаж тарататын болады.