Қысқы спорт түрлерін қызықтайтын кез де алыс емес. Биатлоннан еліміздің ұлттық құрамасы жаңа маусым алдындағы оқу-жаттығу жиынын Эстонияның Отепясында өткізіп жатыр, деп хабарлайды SportX.kz.
Жас биатлоншыларымыз да осында. Жастарымыз салған жерден жарысқа кірісіп кетті. Эстонияның жазғы ашық біріншілігіне қатысқан жерлестеріміз жүлдесіз қалған жоқ. Кирилл Бауэр мен Владислав Киреев жарыс нәтижесі бойынша екінші және үшінші орындарды бөлісті. Тағы бір жаттығудан өткен сында Семен Вдовин мен Никита Акимов көзге түсті. Олардың еншісінде де күміс пен қола. Қыздарымыздың көрсеткіші одан асып түсті. Эстондық құрбыларына дес бермеген Ксения Долголапова, Арина Шешукова және Вероника Кулакова ашық біріншілік жүлделерін өзара бөлісті. Отепя трассасында Эстония, Қазақстан және Латвия биатлоншылары өнер көрсетуде.
Отепядағы оқу-жаттығу жиыны аяқталысымен еліміздің бас командасы Чехияда жалауын көтеретін жазғы әлем чемпионатына қатысады.