Астананың «Барысы» өз алаңында омбылық «Авангардтан» жеңіліп қалды. КХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы матчтың жеңімпазын анықтау үшін буллитке жүгінуге тура келді, деп хабарлайды SportX.kz.
Кездесуді ширақ бастаған қонақтар алғашқы үзіліске дейін алаң иелерін үш рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Алдымен Илья Михеев есеп ашса, Евгений Медведев пен Сергей Широков таблодағы есепті ұлғайта түсті.
Осыдан кейін «Барыстың» жаттықтырушылар штабы үш шайба жіберіп алған чехиялық қақпашы Доминик Граховинді қазақстандық Сергей Кудрявцевке алмастырды.
Екінші таймда таблодағы есепті қысқартуға күш салған астаналық хоккейшілер көп ұзамай алғашқы голдарын салды. Бұл эпизодта кезінде «Авангардтың» намысын жыртқан швед Андре Петерсон көзге түссе, екінші үзіліске санаулы секундтар қалғанда Брэндон Боченски қонақтарды екінші рет қапы қалдырды. Кездесудің соңғы бөлігінде Роман Старченконың күшімен жергілікті хоккейшілер таразы басын теңестіріп үлгерді. Не керек Астанадағы ойынның негізгі және қосымша уақыты 3:3 есебімен аяқталып, қарсыластар буллит орындауға көшті. Өкінішке орай буллит орындаудан қонақтарымыз шебер болып шықты.
Енді «Барысты» кезекті турне күтіп тұр. Сапардың алды Уфа қаласындағы матчпен басталады. Бұл ойын 22- қыркүйек күні Астана уақыты бойынша сағат 17:30 басталады.
Бас демеуші — «Самұрық -Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»