Хоккейден континентальдық лиганың (КХЛ) тұрақты чемпионаты аясында кезекті турдың ойындары өтті. Астаналық «Барыс» Мәскеуде жергілікті «Динамодан» айласын асырып кетті, деп хабарлайды SportX.kz.
«Барыс» хоккейшілерінің Мәскеу мұз айындындағы жеңісіне жоғары баға беруге болады. Жеңіске деген жігерлік танытқан жерлестеріміз тамаша ойын-өрнегін көрсетіп, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. Кездесудің бірінші бөлігінде есеп ашылған жоқ. Алғашқы үзілістен кейін ширақ қимылға көшкен астаналықтар көп кешікпей алаң иелерін ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Бұл эпизодта «Барыс» сапындағы канадалық легионер Мэтт Фрэттин мергендік танытты. Алайда бұл қуанышымыз көпке бармады. Ойын тәртібін бұзғаны үшін екі минуттық айыппен жазаланған Әлихан Әсетов ойынға қайта қосылғанша мәскеуліктер есепті теңестіріп үлгерді. Бұл шайба Илья Никулиннің есебінде. Шешуші кезеңде Юусо Хиетанен «Динамоны» алға шығарса, ретін тауып көзге түскен Кевин Даллмэн таразы басын теңестіріп, ойын одан әрі овертаймда жалғасты.
Матч шырқау шегіне жеткен тұста, жеңіс үшін аянып қалмаған астаналықтар тағы да сол Фрэттиннің күшімен жеңісті жұлып кетті. Бірақ төрешілер бұл шайбаны есепке алуға асықпады.Тек, видеоқайталаудан кейін көздері жеткен әділ-қазылар «Барыстың» жеңісін мойындауға мәжбүр болды.
«Барыс» 26 -қыркүйек күні яғни ертең астана уақыты бойынша 22:30-да Подольскіде жергілікті «Витязьбен» күш сынасады.
Бас демеуші- «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»