Шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» 2018/2019 жылғы UEFA Чемпиондар Лигасы плей-офф кезеңінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды SportX.kz.
Біздің футболшы қыздар Барселонаға үлкен үмітпен аттанған еді. Өйткені Шымкентте өткен 1/16 финалдың алғашқы бәсекесі көңілімізге қуаныш отын ұялатқандай болған. Сол жолы айдарынан жел ескен «Барселона», «БИІК-Қазығұрттан» айласын асыра алмай кеткен.
Пиренейден ат терлетіп жеткен қонақтарын жылы шыраймен күтіп алған шымкенттіктер, қарымта матч алдында барынша нәтижелі ойын көрсетуге тырысып баққан. Тартысқа толы матчта 3:1 есебімен жеңіске жеткен жерлестеріміз діттеген мақсаттың үдесінен шыға алды.
Испанияға сапар
Алдыңғы күні «БИІК-Казығурт» Испанияға аттанып, қонақ күту кезегі «Барселонаға» келген. Қарымта матч алдындағы көңіл-күйіміз жаман болған жоқ. Тең ойнап немесе минималды есеппен ұтылған өзінде ширек финалдан үмітті болғанбыз. Тек ірі есеппен жеңілуге жол бермеу керек болды. Біз осылай жоспар құрсақ, алаң иелерінің мақсаты біздікіне қарама-қайшы болып шықты. Сонымен кімнің жоспары іске асты дегенге келсек, жауабымыз дайын -«Барселона» қателеспепті. Ойын барысында алаң иелерінің шеберлік деңгейі байқалмай қалған жоқ. Уақыт алға жылжыған сайын олардың басымдығы көзге ұрынып тұрды. Нәтижесінде өздеріне қажетті есеппен жеңіске жеткен «Барселона» чемпиондар лигасының ширек финалына жол тартты. Ал, біз үйренген жолымызбен үйге қайтамыз.
«Барселона»-«БИІК-Қазығұрт» 3-0
Гол соққандар: Патрисия Гихарро (4 мин), Марта Торрехон (47 мин), Лика Мартенс (90 мин)