Балуандарымыз Багам аралдарына барып қайтты

Багам аралдары астанасы Нассауда дзюдодан жасөспірімдер арасында әлемнің кезекті  чемпионаты мәресіне жетті. Көрсеткішіміз бір қарағанда жаман емес сияқты. Еншімізге бұйырғаны қос қола, деп хабарлайды SportX.kz

Қоржынымызға түскен жүлденің бірі 73 келі салмақта күрескен балуанымыз Жанболат Бақбергеновтің үлесінде. Чемпионаттың соңғы жарыс күні ұлттық құрамалар командалық сыннан күш байқасып көрді. Аралас командалық сайыста еліміздің атынан Арслан Есенгел, Нарбаев Бауыржан, Аңсарбек Ғайнуллин, Жанболат Бақбергенов, Ерасыл Болат, Дінахмет Рыссымбек, Санжар Жаббаров, Ғалия Тынбаева, Ақмарал Науатбек, Аида Карчаева, Мөлдір Нарынова және Камила Берліқаш белдесті.

Қазақстандық дзюдошылар ширек финалда 5:1 есебімен Германиядан басым түсті. Бірақ жартылай сында бразилиялықтарға жол беруге мәжбүр болдық. Бұл бәсекеде бір балуанымыз жеңіске жеткенімен  қалған бес кездесуде латын америкалықтар мықтылық танытты. Дегенмен қола медаль үшін таласуға мүмкіндік алдық. Спорт тілімен айтқанда кіші финалда Қазақстан жастар құрамасы Франциямен кездесіп, тартысты шыққан матчтық бәсеке 5:3 есебімен біздің пайдамызға шешілді.

Жалпы Нассауда өткен байрақты додада 67 мемлекеттен 427 үміткер сынға түсті.

 

Пікір жазыңыз