Әлем чемпионы Қайрат Ералиев жазғы Азия ойындарынан құр алақан қайтатын болды. Команда сапындағы ең атақты да ең тәжірибелі боксшымыз, тай елінің мықтысы Чатчай Бутдиге есе жіберді, деп хабарлайды SportX.kz.
Шаршы алаңға шығатын боксшының алдын болжау өте қиын. Міне, үміт артқан ең мықтымыз күтпеген жерден Азия ойындарымен ерте қоштасып отыр. Бірақ Қайраттың қарсыласы осал жігіт емес. Чатчай 2015 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алған. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген осы шығар.
Индонезиядағы Азия ойындарында қазақтың көк байрағын көтеріп шыққан тарланымыз Әбілхан Аманқұл, Қайрат үшін тай елінен кек қайтарғандай болды. 75 келіде өнер көрсететін Әбілхан үш раунд бойы тайландық Афист Ханхокруаны сабаумен болды. Теміртас Жүсіпов (49 келі) те намысты қолдан бермеді. аса шиелністі өткен матчта жерлесіміз 3:2 есебімен жапониялық Томой Цубойдан алда болды. 1/8 финалда қытайлық Гуан Ванмен қолғап түйістірген Бекдәулет Ибрагимовті, қарсыласын ойнап жүріп ұтты деуге болады. Есеп -5:0.
Сонымен он боксшымыздың тоғызы ширек финалға жолдама алып отыр. Бүгін шаршы алаң төрінен қалған боксшыларымызды көретін боламыз. Олар — Сәния Сұлтанқызы (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Азат Махметов (52 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі) және Асланбек Шымбергенов (69 келі).