Бүгін Индонезияда жазғы Азия ойындары ресми түрде жалауын түсірді. Төрт жылда бір айналып келетін кіші олимпиаданың нәтижесі көңілден шықты деп айтсақ, өзімізді өзіміз алдаған болар едік. Қазақстан жалпы командалық есепте тоғызыншы орыннан табылды, деп хабарлайды SportX.kz.
XVIII- жазғы Азия ойындарында Қазақстан намысын жыртқан спортшылар саны аз болған жоқ. Дәлірек айтсақ, байрақты додаға құрамы 600 адамнан жасақталған делегация аттандырғанбыз. Мақсатымыз да биіктен көріну еді. Өйткені мұның алдындағы Инчхонда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы үздік төрттіктің қатарынан көрінген. Сол жолы алдымызға тек Азияның мықтылары Қытай, Оңтүстік Корея және Жапонияға ғана түскен. жалпы бұл үш елдің жөні бөлек. Біз олармен үзеңгі қағыстырмақ түгілі маңына да жақындай алмайтынымыз рас. Оны мойындаймыз. Әйтседе, Азиядағы төртінші спорттық державамыз деп көкірек қағып қоятынымыз да бар.
Өкінішке орай байрақты додаға үкілеп қосқан спортшыларымыз бұл жолы жарытпады. Осыдан төрт жыл бұрынғы төртінші орынға жете алмай жылап кеттік. Жете алмағаны былай тұрсын, тоғызыншы орынға бір-ақ сырғыдық.
Қызық үшін 2014-жылғы Инчхондағы ойындардың нәтижесіне бір көз жүгіртіп алып, одан соң Джакартаға қайта оралайық. Оңтүстік Кореяда ұзын-саны 84 медаль олжалаған екенбіз. Соның-28 жоғары сапалы металл болды. Ал, Индонезиядан алған жүлделердің жалпы саны 76 десек, оның 15 ғана алтын. 28-15 =13. Қарапайым ғана арифметика, бірақ бұрынғы ойындармен салыстырсақ 13 алтын жетіспейді. Ол алтындар қайда? Есесіне қола медальдан кәдімігідей тау үйдік десек те болады. Спортшыларымыз қоржынға 44— қола салып берді! Не деген керемет көрсеткіш! Индонезияға алтын емес қола іздеп барғандаймыз. Межеміз алтын емес қола жүлде болған сияқты. Мүмкін қоржынға күнделікті түсіп жатқан қоланың сыңғырынан басымыз айналып, алтын мен қоланы шатастырып алдық па екен. Әрине, ішіміз ащыған соң не демейсің, айтамыз. Бұған дейін шаңымызға ілесе алмай жүретін бақандай бес елдің спортшылары арадағы төрт жыл ішінде алдымызды орап кеткен соң, не жыларыңды, не күлеріңді білмейді екенсің. Төртінші орыннан табылған Идонезия-31 алтын еншілесе, Өзбекстан-21, Иран-20, Қытайдың Тайпэйі -17, ал біз сияқты 15 алтын олжалған Индияның күмісі көп болып шықты. Бәрін қойшы, әсіресе өзбек ағайындардың алдымызға шығып кеткеніне, ішіміз күйеді. Осыны түсінетін біреу бар ма екен?
Инчхонда жиырма сегіз алтын иеленсек, соның он жетісі — бокс, ескек есу, суда жүзу және жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерінің үлесінде екен. Ескек есушілер бұл жолы да жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Олардың есебінде-қос алтын. Жеңіл атлеттеріміз бір алтынмен шектелсе, қазақтың ұлттық спортына айналған бокстан құр алақан қалғанымыз көңілге қатты батты. Осыдан төрт жыл бұрын шаршы алаңда дауыл тұрғызған қазақ жігіттері еліміздің әнұранын алты рет шырқатса, Инчхонда тұғыр төріне шығатын боксшы табылмады. Не керек төрт жыл бойы сарыла күткен Азия ойындары да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Енді осы төрт жылдық циклде бітірген іс-шараларға есеп беретін кез келді. Әрине,талқыға салынатын мәселе көп, бірақ содан нәтиже шықса мейлі ғой.
Алтын алған спортшылар тізімі:
Велоспорт (2 — алтын)
Алексей Луценко — топтық жарыс (150 шақ) және жекелей сын (40 шақ).
Ескек есу (2 — алтын)
Илья Голендов, Алексей Дергунов, Сергей Токарницкий және Евгений Алексеев — 500 метр, төрт орындықты байдарка;
Инна Клинова — 200 метрлік қашықтыққа жарысу.
Джиу-джитсу (2 — алтын)
Дархан Нортаев (62-келі), Руслан Исраилов (77-келі).
Самбо (2 — алтын)
Бағлан Ибрагим (52 келі), Ділдаш Құрышбаева (68 келі).
Көркем гимнастика (2 — алтын)
Даяна Әбдірбекова, Алина Әділханова және Адиля Тілекенова — командалық жарыс;
Алина Әділханова — көпсайыстан жекелей сын.
Су добы (1 — алтын)
Қазақстан ерлер құрамасы — Евгений Медведев, Мирас Әубәкіров, Роман Пилипенко, Юлиан Вердеш, Павел Липилин, Равиль Манафов, Михаил Рудай, Рустам Үкіманов, Мұрат Шәкенов, Валерий Шлемов, Шмидер Алексей, Руслан Ахметов және Алтай Алтаев.
Дзюдо (1 — алтын)
Дидар Хамза (81-келі).
Карате (1 — алтын)
Гузалия Гафурова (68 келі).
Жеңіл атлетика (1 -а лтын)
Ольга Рыпакова — үш қарғып секіру
Семсерлесу (1 — алтын)
Дмитрий Алексанин — шпага.