Астананың «Барысы» Мәскеу түбіндегі Подольскіде жергілікті «Витязьді» ұтты, деп хабарлайды SportX.kz.
Осы турдың алдында Мәскеуде жергілікті «Динамоны» қапы қалдырған астаналық хоккейшілердің жеңісті жолы Подольскіде жалғасын тапты.
Кездесуді ширақ бастаған Андрей Скабелканың шәкірттері кездесудің 1-минутында есеп ашып алға шықты. Роман Старченко мен Андре Петерссон ұйытқы болған комбинацияға Патрис Кормье нүкте қоя білді.
Іс насырға шаппай тұрғанда ойынды қолға алған алаң иелері кездесудің 13-минутында таразы басын теңестірді. Бұл эпизодта Алексей Макеев көзге түсті.
Дегенмен астаналықтар реті келгенде есепте қайта алға шықты. Бұл шайба Мэттью Фрэттиннің еншісінде. Көп ұзамай Джесси Блэкер «Витязьдің» қақпасынан табылған үшінші голддың авторы атанды.
Үшінші кезеңде екі минуттық айып алған Әлихан Әсетов ойыннан қуылып, оңтайлы сәтті епті пайдаланған алаң иелері есепті қайта қысқартты. Негізгі уақыт аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Войтех Мозик «Барыстың» қақпасын дәл көздеп, ойын овертаймға ұласты. Бірақ овертайм нәтижесіз аяқталып, хоккейшілер буллит орындауға кірісті. Бұл сынақта біздің хоккейшілер үздік шықты.
29-қыркүйек күні астаналық клуб Латвия астанасы Ригада жергілікті «Динамомен» күш байқасады.
Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»