«Астананың» капитаны жүлдеден үміт үзген жоқ

Биылғы жылдың соңғы гранд-туры «Вуэльтаның» 17-кезеңінде канадалық шабандоз Майкл Вудс озды, деп хабарлайды SportX.kz.

Биіктігі орташа тау-сілемдері арқылы өрбіген жарыс жолы шабандоздарға оңай тимеді. Жол-жөнекей бірнеше белестерді артқа тастаған майталмандарды, көмбе алдында төрт шақырымға созылған соңғы асу күтіп тұрды. О баста пелотоннан ұзап шыққан топтың қатары осы тұсқа жеткенде сиреп сала берді. Өзімен үзеңгі қағыса жарысқан бірлі-жарым шабандоздың арасынан суырылып алға шыққан Вудс мәре сызығын бірінші қиды. Жеңімпаздың ізін ала жеткен Дилан Тойнс (Бельгия, BMC)  пен  Давид де ла Крус (Испания, Sky) өзара екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Бір-бірінен көз жазбай келген лидерлер жиналған топ та ұзаққа бармады. Қайсы бір команда болмасын осы белесте өз капитандарынан шабуыл күткені рас. Әрекет еткендер болды. Бірақ олардың ешқайсысы жалпы есептің лидері Саймон Йейтстен алыстап кете алған жоқ. «Астананың» капитаны Лопес те бақ сынап көрген. Бірақ онысынан нәтиже шықпады. Не керек генералдық тізімде Йейтс әзірге ешкімге бой бермей тұр. «Астана» лидері Мигель Анхел Лопес  төртінші орында. Колумбиялық шабандоз көш лидерінен 1 минут 36 секундқа қалып келеді.

«Вуэльта»

17- кезең

Гечо – Балкон-де-Бискайя

157 шақырым

1. Майкл Вудс (Канада, Team EF Education First-Drapac p/b Cannondale) – 4.09,48
2. Дилан Тойнс (Бельгия, BMC) – 0,05
3. Давид де ла Крус (Испания, Sky) – 0,10

Жалпы есеп

1. Саймон Йейтс (Ұлыбритания, Mitchelton-Scott) – 69.05,34
2. Алехандро Вальверде (Испания, Movistar) – 0,25
3. Энрик Мас (Испания, Quick-Step Floors) – 1,22
4. Мигель Анхель Лопес (Колумбия, «Астана») – 1,36
5. Стивен Крейсвик (Голландия, LottoNL-Jumbo) – 1,48
6. Найро Кинтана (Колумбия, Movistar) – 2,11
7. Йон Исагирре Инчаусти (Испания, Bahrain Merida) – 4,09

Бас демеуші — «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз