Астаналық шабандоздар бас бәйгеден үмітті

Бұл күндері әлемнің үздік велошабандоздары Польша елінде жарысқа түсуде. Көпкүндік велододаның ортасынан табылған Astana Pro Team аяқ-алысы жаман емес. Отандық клубтың үш бірдей өкілі, артта қалған бес кезеңнің нәтижесі бойынша генералдық тізімде алдыңғы лекте  келеді, деп хабарлайды SportX.kz.

Әзірге екі бірдей кезеңде топ жарған поляк шабандозы Михайл Квятковский (Sky) көш тізгінін ешкімге ұстатпай тұр. Бесінші кезеңде Квятковскидің соңын ала жеткен бельгиялық Дил Тенс (BMC) мәре сызығын екінші қиса, италиялық Энрико Баттальин (LottoNL-Jumbo) үшінші нәтиже көрсетті.

«Астана» сапындағы ресейлік Сергей Чернецкий және жерлестеріміз Алексей Луценко мен Андрей Зейц мәреге бір уақытта жетті.

Чернецкий жалпы есептің лидері Квятковскиден 24 секундқа, Луценко 39, ал Зейц 52 секундқа қалып келеді. Алда әлі екі кезең бар. Сондықтан астаналық шабандоздардың лидерді басып озатын мүмкіндіктері мол. Осымен 75- мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі  «Польша туры» жеті кезеңнен тұрады. Халықаралық велосипедшілер одағының UCI ержесіне сәйкес, Польшадағы жарысқа Әлемдік турдың 18 командасы түгел қатысуы шарт. Жарыс қожайындары биылғы додаға олардан тыс екі бірдей континентальдық кәсіпқой команданы және Польша құрамасын шақырыпты.

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»

Пікір жазыңыз