«Барыс» хоккейшілері Новосібірде жергілікті «Сибирьден» айласын асырып кетті. Тартысты өткен бәсекенің тағдыры овертаймда шешілді, деп хабарлайды SportX.kz.
Континенталдық лиганың тұрақты чемпионаты барған сайын қыза түсуде. Кезекті сапарын Сібірдің ең ірі қаласында жалғастырған астаналық хоккейшілер бұл жолы да жеңіске деген жігерлік таныта білді. Бәрінен де жерлестеріміздің алаң иелеріне соққан алғашқы шайбасын айтсаңызшы! Бұл эпизодта Андре Петерссон өзі бастаған комбинацияны нәтижелі соққымен аяқтап, «Барысты» алға шығарды. Кездесудің 16- минутында астаналық клубтың қорғаушысы Даррен Диц жергілікті ұжымды тағы да ойынды ортадан бастауға мәжбүр еткен. Алайда бейнеқайталауға жүгінген төрешілер бұл голды есепке алмай тастады.
Екінші кезеңнің ортасында төрт ойыншымен қалған «Барыстың» қақпасынан саңлау тапқан алаң иелері таразы басын теңестіріп, таблодағы осы нәтиже ойын соңына дейін өзгеріссіз қала берді. Не керек мұз үстіндегі арпалыс овертаймда қайта жалғасып, реті келгенде оңтайлы сәтті голға асырып кеткен Кертис Волк өз командасына жеңіс сыйлады.
Осымен қатарынан үшінші рет жеңіске жеткен «Барыс» 39 ұпаймен Шығыс конференцияның турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді.
Алдағы үш матчты астаналықтар өз алаңында өткізеді. Өз айдынындағы серияны жерлестеріміз 14- қараша күні Хабаровскінің «Амур» клубын қабылдаудан бастайды.
Бас демеуші — «Самұрық — Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»