ҚР Президентінің кубогы жолындағы халықаралық жарыстың жағрафиясы жыл санап кеңейіп келеді. Бүгін дәстүрлі турнирге жиналған боксшылар салтанатты жеребе тастау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды SportX.kz.
Астанада жалауын көтерген жарысқа деген қызығушылық, биыл жылдағыдан жоғары.Өйткені көптеген ұлттық құрамалар үшін Президент кубогы, Азия ойындары алдындағы дайындық кезеңінің бірі болып табылады.
Коммерциялық турнирде өнер көрсетуге тілек білдірген командалар саны да жылдағыдан әлдеқайда артқан. Мысалы, былтыр әйелдер додасында 6-7 елдің өкілдері күш сынасса, биыл ринг төрінде он мемлекеттен келген бұрымдылар бақ сынамақ.Ерлер додасында күш сынасуға ниет білдірген елдер саны одан да асады. Жігіттер әдеттегідей он,ал әйелдер олимпиадалық ойындар бағдарламасына енген үш салмақ категориялары бойынша турнир жүлделерін өзара сарапқа салатын болады.
Жарыс нәтижесі бойынша үздік шыққан командаға Президент кубогы табысталса,олжа салған боксшылар да құр қол қайтпайды.Жеңімпазға тиесілі сыйақы құны -2000 долларға тең. Ал екінші және үшінші орынды бөліскен жүлдегерлерге алған орындарына сәйкес -1000 және 500 доллар көлеміндегі сыйақы тиесілі.
Дәстүрлі турнир Астанадағы «Дәулет»спорт кешенінде өтеді.