«Астана» Еуропа лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф раунды аясындағы алғашқы ойында, кипрлік «АПОЭЛ» клубынан жеңіліп қалды. Никосиядағы матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді, деп хабарлайды SportX.kz.
Шаруасы шығып қалған «Астананың» бас жаттықтырушысы Роман Григорчук Кипрге бара алмапты. Сөйтіп, команда тізгінін уақытша бас бапкер қызметін атқарушы Григорий Бабаянға сеніп тапсырыпты. Бірақ клубтың экс- бас жаттықтырушысы өзіне сеніп тапсырылған мақсаттың үдесінен шыға алмады. Жетпіс сегіз минут бойы алаң иелерімен қалыспай шабысқан астаналықтар, кездесудің 79-минутында болмайтын жерден гол жіберіп алды. Бұл эпизодта Георгиос Эфрем тепкен айып добы орындалуы жағынан керемет шықты. Ненад Эрич қорғаған қақпаның маңдайшасына тиіп кері қайтқан допқа бәрінен бұрын жеткен Кажу, қонақтардың қорғаушыларын сазға отырғызып кетті. Бұған дейін де екі жақтың есеп ашатын мүмкіндіктері болған. Дегенмен алаң иелері сапындағы бразилиялық футболшы Кажу соққан жалғыз гол бүгінгі бәсекеге нүкте қойды.
Екі клуб арасындағы қарымта матч 30-тамыз күні «Астана Арена» стадионында өтеді.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»