«Астана» сырт алаңда алдырмады

Еуропа чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу раунды аясында Черногорияның «Сутьеска» клубын екі рет ұтқан «Астана», мәртебелі турнирдің келесі кезеңіне аяқ басты. Сырт алаңда өткен қарымта матч 0:2 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді, деп хабарлайды SportX.kz.

Бас қаламызда өткен алғашқы бәсекенің нәтижесі көңілімізде екіұдай пікір қалдырғаны рас. Өйткені өз алаңымызда қонақтарды бары-жоғы 1:0 есебімен жеңіп, бәсекенің тағдыры қарымта матчтың үлесінде қалғанды. Қай команда болмасын өз алаңында яғни  жанкүйерлері алдында барын салып бағатыны анық. Оның үстіне сырт шықса жарытып ойын көрсетпегенімен өз үйінде жанын беретін қаратаулықтардан бәрін күтуге болатын еді.

Сонымен алпыс мыңдай тұрғыны бар  Никшичтегі матч басталып кете барды. Алаң иелері біз күткендей бірден шабуылға лап бере қоймады. Алма-кезек шабуылға ұласқан кездесудегі алғашқы қауіпті сәт біздің айып алаңымызда орын алды. Бұл эпизодта Марко Вучичтің қақпаның төменгі бұрышына бағыттаған добына Ненад Эрич тосқауыл бола алды. Өз кезегінде астаналық футболшылар да бірнеше рет алаң иелерін қапы қалдыра жаздады. Біртіндеп ойын тізігін қолға алған Роман Григорчуктің  шәкірттері бірінші таймның соңғы бөлігінде шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде кезекті бір комбинацияны голға асырған Джордж Деспотович, алаң иелерін ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті.

Әдетте, гол жіберіп алған команда  жауап қайтаруға асығады. Черногориялықтар да есепті теңестіруге күш салып көргендей болды. Бірақ олардың мардымсыз әрекеттерінен түк шықпады.Есесіне реті келгенде өткір шабуылдар ұйымдастыра алған қонақтар таблодағы есепті еселеп кетті. Деспотовичтің әуелетіп шығарған добын Владо Гильен қорғаған қақпаға шегедей қадаған Серікжан Мұжықов, бүгінгі бәсекеге нүкте қойды.

Еуропа чемпиондар лигасының екінші раундында  еліміздің чемпионы даниялық  «Митьюлландпен»  кездеседі.

 

 

Пікір жазыңыз