Қазақстандық Арман Оспанов (8-2) ACB 86 аясындағы турнирде Акоп Степанянмен (Армения) кездесуі керек еді. Бірақ денсаулығы сыр берген Степанян тура жекпе-жек алдында кездесуден бас тартатынын мәлімдеді. Өкінішке орай Мәскеудегі спорттық кеште өз өнерін ортаға салған жерлесіміз Асылжан Бақытжанұлы(7-0) ресейлік Мүсілім Магомедовтен ұтылып қалды, деп хабарлайды SportX.kz.
Бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған Асылжан Бақытжанұлы, бірінші кезеңде едәуір белсенділік танытқанымен қарсыласына бір соққы да дарыта алмады. Спортшы штабы осы жекпе-жекке дайындық барысында қандай тактиканы пысықтағанын кім білсін, бірақ сегізбұрыш ішінде жерлесіміз ешқандай амал жасай алған жоқ. Асылжанның не күресін, не төбелесін көре алмадық.Нәтижесінде өте сауатты ойын өрнегін көрсете білген дағыстандық сарбаз, кездесудің екінші бөлігінде қылқындыру әдісімен жеңіп кетті.