Арландай, тарландай біздің жігіттер

Сергей Ковалев — Элейдер Альварес арасындағы титулдық жекпе-жектің андеркартасында қазақтың қос тарланы өз өнерлерін ортаға салды. Бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов қарсыластарын тағы да ойсыратты, деп хабарлайды SportX.kz.

Мадияр Әшкеев (10-0, 6 КО) Атлантик-Сити шаршы алаңында эквадорлық Эдуардо Флоресті (26-30-4, 15 КО) тізерлетті. Тараз бокс мектебінің түлегі осымен кәсіби бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді. Қарсыласын ұзаққа жеткізбей тәубесіне келтірген Мадияр, осы жеңістен кейін BoxRec.com рейтинг кестесінде едәуір жоғарылады. Біріінші орта салмақ дәрежесінде төрт сатыға көтерілген жерлесіміз әзірге 99-орында.

Отандасының жеңісті жолын Мейірім Нұрсұлтанов (8-0, 7 КО)  жалғастырды. Мейірімнің ауыр соққыларына шыдас бермеген доминикандық қарсыласы Хонатан Батиста (17-15, 10 КО) екінші раундтан кейін ұрысты жалғастырудан бас тартты. Кәсіпқой рингте осымен сегіз кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен Нұрсұлтанов орта салмақтағы рейтингте 69- орынға жайғасты.

Сонымен «Astana Arlans» клубынан түлеп шыққан қос қыран әзірге биікте қалықтауда. Осы кештің орталық матчында  ресейлік Сергей Ковалев, колумбиялық Элейдер Альварстен оңбай ұтылып, WBO чемпиондық белбеуінен айырылып қалды.

 

 

Пікір жазыңыз