Альвареске IBO чемпиондық белбеуі керек емес

15- қыркүйекте қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (38−1−1, 34 КО) төрешілер шешімімен мексикалық Сауль «Канело» Альварестен  (50−1−2, 34 КО) ұтылып қалғанды. Осы қарымта матчта жерлесіміз чемпиондық белбеулерінен түгел айырылса, жаңа чемпион «Канело» Халықаралық бокс ұйымының (IBO) чемпионы атағынан қағылды, деп хабарлайды SportX.kz.

Головкинді жеңген боксшы қалай ғана чемпиондық белбеуден айырылып қалды дейсіз ғой. Бұл оқиғаға  допингілік дау-дамайдың қатысы жоқ. Бар болғаны  Альварес қарымта бәсеке алдында IBO -ға санкциялық жарнаны төлеуден бас тартқан. Сол себепті Халықаралық бокс ұйымының титулы бос яғни иесіз қалып отыр.

Бұл белбеуді Головкин 2011 жылы ұтып алған еді. Германияда өткен бокс кешінде жерлесіміз америкалық Лахуан Саймонды (23−5−2, 12 КО) кездесудің бірінші раундында нокаутқа жіберген. Одан кейін Головкин осы атағын он жеті рет сәтті қорғай алды.

Мәртебелі саналатын негізгі версиялардың алдында IBO дәрежесі әлдеқайда төмен. Сондықтан кәсіпқой бокс әлемінде IBO версиясының чемпиондық атағына деген қызығушылық жоғары емес. Айталық, әлемнің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алу үшін WBC, WBA (Super), WBO және IBF белбеулері жеткілікті. Егер бұл атақ ауадай қажет болып жатса, Альварес түкке арзымайтын санкциялық жарнаны дер кезінде төлейтін еді. Бір жағынан оның ойы дұрыс та шығар. Өйткені чемпиондық белбеудің иесі болған соң, оны ерте ме, кеш пе қорғауға міндеттісің.  Ал, алып бара жатқан мәртебесі жоқ титул үшін босқа тер төгудің қажеті не. Сондықтан Альварес пен оның командасы негізгі версиялармен шектелгенді жөн санаған сыңайлы.

 

Пікір жазыңыз