Мексикалық боксшы Сауль»Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) орта салмақ бойынша WBC, WBA (Super) және IBO чемпионы Геннадий Головкинге (38-0-1, 34 КО) арнаған видеосын жариялады, деп хабарлайды SportX.kz.
Мексикалықтың Instagram бетінде жариялаған бейнетаспасыннан көзге ілетін дүние көре алмадық. Кәдімгі көз үйренген күнделікті жаттығу кезіндегі көрініс. Соған қарағанда соққыларының күшін көрсеткісі келген-ау шамасы. Соңынан «Мен саған келе жатырмын»- деп, қолтаңбасын қалдырыпты. Не керек той басталмай жатып, алдағы жекпе-жек төңірегіндегі айғай-шу басталып кетті. Бұдан екі жақ та және ұйымдастырушылар да ұтылмайды. Бұл алдағы бокс кешіне ел-жұрттың назарын аударудың ең бір тиімді жолы. Ертең осындай бір қадамды жауап ретінде Головкиннен күтуге болады. Жекпе-жек мерзімі келіп жеткенше, қарсыластар арасындағы құйтырқы ойындар осылай жалғаса береді.
Осыдан тура бір жыл бұрын екі боксшы арасындағы матч тең нәтижемен аяқталған. Лас -Вегастағы T-Mobile аренадағы (Невада штаты, АҚШ) талас тудырған жекпе-жек жайлы айтылып та жазылып та жүр. Араға тура жыл салып дәл сол аренада екі мықты қайта қолғап түйістірмек.